Мерей Ақшалов інісі үшін федерациядағы қызметтен бас тартты
Әлем чемпионы Мерей Ақшалов Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы қызметінен не себепті кеткенін айтты.
Мерей Ақшалов: "Інімнің жанында болуым керек"
Мерей Ақшалов Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы қызметін 2025 жылдың қаңтар айынан бастап атқарған. Бірақ 16 маусымда бұл лауазымнан кетіп, федерациядағы жұмысын вице-президент ретінде жалғастыруды жөн көрді.
Боксшының айтуынша, бас хатшы қызметі үлкен жауапкершілік пен тұрақты қатысуды талап етеді. Ал алдағы уақытта ол інісі Мейірім Нұрсұлтановқа барынша қолдау көрсеткісі келеді.
"Бұл — менің жеке шешімім. Федерация басшылығымен ақылдастым, олар мені қолдады. Өздеріңіз білесіздер, тамыз айында Мейірім Нұрсұлтанов әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізеді. Ол — менің жалғыз інім. Салмақ қуу кезінде де, жекпе-жекке дейін де оның жанында болуым керек", — деді Мерей Ақшалов "Бірінші бол" подкастында.
Бас хатшы қызметі толық уақытты талап етеді
Ақшаловтың сөзінше, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы ретінде күнделікті құжаттарға қол қою, жиналыстарға қатысу және ұйымдастыру жұмыстары көп уақыт алады. Сондықтан Мейірімнің дайындығына толыққанды көңіл бөлу үшін бұл қызметтен кеткен.
Ол бұл жағдайды Геннадий Головкин мен оның ағасы Максим Головкиннің қарым-қатынасымен салыстырды.
"Геннадий Головкиннің жанында өмір бойы Максим Головкин болды. Сол сияқты Мейірімнің жанында да сенімді бір адам болуы керек", — деді ол.
Мерей Ақшаловтың жолы
Мерей Ақшалов — Қазақстан боксының танымал өкілдерінің бірі. Ол 2008 жылғы Олимпиада ойындарына қатысқан. Ал 2013 жылы Алматыдағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі ретінде танылды.
Дегенмен 2014 жылы денсаулығына байланысты кәсіпқой спорттағы мансабын аяқтауға мәжбүр болды.
Мейірім Нұрсұлтанов WBC титулы үшін жұдырықтасады
Мерей Ақшаловтың інісі Мейірім Нұрсұлтанов орта салмақта WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуге дайындалып жатыр. Қазақстандық боксшы чемпиондық айқасқа арналған келісімшартқа сәуір айының ортасында қол қойған.
Бұған дейін АҚШ визасын алуда қиындық көрген Нұрсұлтанов бұл мәселені шешіп, енді алдағы маңызды кездесуге дайындық жүргізіп жатыр.
32 жастағы боксшы соңғы рет 2023 жылы рингке шыққан. Сол кездесуде Хулио Аламосты төрешілер шешімімен жеңген.