Бақыт Сәрсекбаев Қазақстан мен Өзбекстандағы боксшыларға көзқарасты салыстырды
Бокстан Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасының қорытындысына қатысты пікір білдірді.
"Өзбекстанда жеңілген боксшыны да қолдайды"
Сәрсекбаев Sportbugin.kz-ке берген пікірінде Қазақстан мен Өзбекстанның жарысқа үш боксшыдан қатыстырғанын атап өтті. Қазақстандықтардың екеуі финалға шықса, тағы бірі қола жүлде алған.
"Өзбекстанға екі алтынды да қыздар әкелді. Ал ерлер құрамасының жалғыз үміті болған Иброхим Шокиржонов алғашқы жекпе-жегінде жеңілді. Бірақ елінде оны сынап жатқан жоқ. Керісінше, қолдап, сәттілік тілейді", – деді жаттықтырушы.
Маманның айтуынша, Қазақстанда боксшы жеңіліске ұшыраса, бірден сынға қалады. Ал келесі жеңісінен кейін бұрынғы әңгімелер ұмыт болады.
"Бізде қалай? Бір боксшы жеңілсе болды, жан-жақтан сынай бастайды. Келесі күні жеңіске жетсе, бәрі оны ұмытады. Сондықтан жас боксшыларға қолдау қажет", – деп атап өтті Сәрсекбаев.
Сәрсекбаев Бейбарыс Әшірбайдың болашағына сенеді
Аға жаттықтырушы Бейбарыс Әшірбайдың әлем чемпионатында да, жасөспірімдер Олимпиадасында да финалға шыққанын еске салды. Оның сөзінше, екі жарыстың арасы жақын болғаны және климатқа бейімделудің қиындығы спортшыға қосымша салмақ түсірген.
"Соған қарамастан, ол бар мүмкіндігін көрсетті. Бейбарыс – болашағынан үміт күттіретін жігіт. Ересектер арасында да өзін танытатынына сенімдімін. Сондықтан үнемі өзгелермен салыстырғанша, оған қолдау көрсеткен дұрыс", – деді маман.
Бейбарыс Әшірбай Дакардағы 2026 жылғы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында 70 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанды.
Оның финалға дейінгі жолы:
- Алғашқы жекпе-жегінде ливиялық Мохамед Джихадты мерзімінен бұрын жеңді.
- Ширек финалда Бангладештен келген Ноен Трипура Джаниден 5:0 есебімен басым түсті.
- Жартылай финалда мексикалық Хорхе Луис Ньеблас Гутьерресті де 5:0 есебімен ұтты.
12 қарашадағы финалда қазақстандық боксшы британиялық Майкл Моэнге төрешілердің бөлек шешімімен 1:4 есебімен есе жіберді.