Санжар Тәшкенбай АҚШ-та нокауттық соққысын шыңдайды (ВИДЕО)
Қазақстандық боксшы Санжар Тәшкенбай ұлттық құраманың АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыны туралы айтып, алдағы дайындық жоспарын бөлісті.
Қазақстан құрамасы Лос-Анджелеске жетті
Санжар Тәшкенбай әлеуметтік желідегі парақшасында АҚШ сапары туралы қысқаша мәлімет берді. Боксшы ұзақ жолдан кейін команданың Лос-Анджелеске орналасқанын жеткізді.
"Ассалаумағалейкум, баршаңызға! Аллаға шүкір, Америкаға, Лос-Анджелеске аман-есен келдік. Артымызда 20 сағаттық жол қалды. Енді ауа райына және уақыт айырмашылығына үйренуіміз керек", — деді боксшы.
Дайындықтың басты бағыты қандай?
Тәшкенбайдың айтуынша, АҚШ-тағы жиын барысында қазақстандық боксшылар бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Ұлттық құрама жалпы физикалық дайындықты күшейтіп, техникасын жетілдіруге және соққы қуатын арттыруға басымдық бермек.
"Көңіл-күйіміз жақсы. Ертеңнен бастап тәжірибе жинап, физикалық дайындықты арттырамыз. Сондай-ақ нокауттық соққыларды өткірлеу үшін жұмыс істейміз. Америкаға оқу-жаттығу жиынына келу — біз үшін үлкен тәжірибе", — деді Санжар Тәшкенбай.
Бұған дейін де АҚШ-та дайындалған
Қазақстандық боксшы АҚШ-тағы дайындықтың команда үшін жаңалық емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы әлем чемпионаты алдында да ұлттық құрама Америкада жаттығу өткізген.
"Былтыр әлем чемпионаты алдында да осында дайындалдық. Бір ай бойы Камачо бауырларымен бірге жаттыққан едік", — деп еске алды Тәшкенбай.
Жиын соңында спаррингтер өтеді
Санжар Тәшкенбай оқу-жаттығу жиынының соңына қарай спаррингтер ұйымдастырылатынын да айтты. Бұл кезең боксшылардың дайындық деңгейін тексеріп, жарыс алдындағы тактикалық жоспарды нақтылауға мүмкіндік береді.
"Алла қаласа, жиын соңына таман спаррингтер басталады", — деді боксшы.
АҚШ-тағы жиын Азия ойындарына дайындықтың бір бөлігі
Қазақстанның ерлер және әйелдер бокс құрамалары қазіргі уақытта Лос-Анджелес маңындағы Санта-Моника қаласында орналасқан UCLA жаттығу кампусында дайындалып жатыр. Командалар бұл жерде бір ай бойы оқу-жаттығу жиынын өткізеді.
АҚШ-тағы дайындық 2026 жылғы Азия ойындарына бағытталған маңызды кезеңдердің бірі саналады. Азия ойындары қыркүйек айында Жапонияда өтеді. Ал финалдық дайындық кезеңі тікелей жарыс өтетін елдің аумағында ұйымдастырылмақ.