OCTAGON Еркебұлан Тоқтарға "өзбек Макгрегорымен" титулдық жекпе-жек ұсынды
Промоушн оның BMF белбеуі үшін өзбекстандық Оғабек "Сатурн" Абдумуминовпен кездескенін қалайтынын аңғартты.
OCTAGON ықтимал жекпе-жекті жариялады
Қазақстандық OCTAGON лигасы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Еркебұлан Тоқтар мен Оғабек Абдумуминов арасындағы ықтимал кездесуге аңдатпа жасады. Промоушн бұл айқасты BMF титулы үшін ұйымдастыруға болатынын мәлімдеді.
"OCTAGON лигасының BMF титулы үшін ықтимал жекпе-жек!" — деп жазды ұйым Instagram парақшасында.
"Сатурн" неге "өзбек Макгрегоры" атанды?
Оғабек "Сатурн" Абдумуминов OCTAGON аясында ерекше мінезімен, трэш-токтарымен және шоу элементтерімен көзге түсіп жүр. Ол кейбір қимылдары мен имиджінде UFC жұлдызы Конор Макгрегордың стиліне ұқсас әрекеттер жасайды.
Сол себепті өзбекстандық БАҚ оны "өзбек Макгрегоры" деп атап кеткен. Ал OCTAGON лигасы Абдумуминовты "Жылдың медиа-файтері" ретінде таныған.
Тоқтардың соңғы жекпе-жегі
Еркебұлан Тоқтар соңғы рет 4 шілде күні Алматыда IBA Nomad 15 турнирінде өнер көрсетті. Ол ресейлік блогер әрі файтер Артем Тарасовпен "ММА тік тұрып айқасу" ережесі бойынша кездесті.
Қазақстандық файтер бұл жекпе-жекте ұзақ күттірмей, бірінші раундта-ақ қарсыласын нокаутқа түсірді. Тоқтар сол қолымен қарсы шабуыл жасап, Тарасовты мерзімінен бұрын жеңді.
Абдумуминов та камбэкпен көзге түсті
Оғабек "Сатурн" Абдумуминов соңғы кездесуін 27 маусымда Қонаевта өткен OCTAGON 88 турнирінде өткізді. Ол қазақстандық Ақтілек Жолшыбековке қарсы октагонға шықты.
Бірінші раундта ауыр нокдаунға түскеніне қарамастан өзбекстандық медиа-файтер жекпе-жекті жалғастырып, екінші раундта сабмишен арқылы жеңіске жетті. Бұл камбэк оның айналасындағы қызығушылықты одан әрі күшейтті.