Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы АҚШ-та Азия ойындарына дайындалып жатыр (ВИДЕО)
Ұлттық команда Санта-Моникадағы оқу-жаттығу жиынында физикалық дайындық пен техникалық шеберлікті қатар жетілдіріп жатыр.
Жаттығудан видео жарияланды
АҚШ-та тұратын қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Әшекеев Қазақстан әйелдер құрамасының оқу-жаттығу жиынынан видео көрсетті. Ол Instagram парақшасында Лос-Анджелес маңындағы UCLA жаттығу кампусында түсірілген кадрларды жариялады.
Бейнежазбада ұлттық құраманың көшбасшылары Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова, Виктория Графеева және Дина Исламбекова жаттығу жасап жатқанын көруге болады. Боксшылар бас бапкер Елдос Сайдалиннің жетекшілігімен алдағы маңызды жарыстарға дайындалуда.
"Қыздарымыз күшейіп келеді"
Мадияр Әшекеев жариялаған жазбасында Қазақстан боксшыларының қарқынына жоғары баға берді.
"Біздің қыздар күн өткен сайын күшейіп келеді. Жақында Азия ойындары өтеді. Олар барлық қарсыластарынан басым түседі. Алға, Қазақстан!" — деп жазды боксшы.
Әйелдер және ерлер құрамалары АҚШ-қа шілде айының басында аттанған. Ұлттық командалар Лос-Анджелеске 2026 жылғы Азия ойындарына дайындық аясында бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін барды.
Жаттығу жиыны Калифорния штатының Санта-Моника қаласында өтеді. Боксшылар алдағы бір ай бойы жалпы дене дайындығын күшейтіп, техникасын жетілдіру бағытында жұмыс істейді.