Алты жекпе-жек — алты жеңіс: Қазақстандық боксшылар Азия чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді
Қазақстан жастар құрамасы бокстан Джакартадағы Азия чемпионатының үшінші жарыс күнін сәтті аяқтады.
Алты боксшы келесі кезеңге өтті
Индонезия астанасы Джакартада U-19 және U-23 жас санатындағы Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың үшінші күнінде Қазақстан құрамасының U-19 санатындағы өкілдері жоғары нәтиже көрсетті.
Бұл күні ел намысын қорғаған алты боксшының алтауы да қарсыластарынан басым түсіп, ширек финалға шықты. Осылайша Қазақстан құрамасы үшінші күнді 100 пайыздық көрсеткішпен аяқтады.
Қалабай өзбекстандық қарсыласын сенімді жеңді
65 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ақжүрек Қалабай өзбекстандық Иброхим Шокиржоновпен кездесті. Үш раунд қорытындысы бойынша қазақ боксшысы айқын басымдық танытып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті.
Жекпе-жек нәтижесі — 5:0. Бұл жеңіс Ақжүрек Қалабайға ширек финал жолдамасын сыйлады.
Жұмақан мен Әшірбай да жеңісті жалғастырды
60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Досжан Жұмақан тайбэйлік Хан-Ен Вангты ұтты. Қазақстандық боксшы қарсыласынан барлық раундта басым болып, кездесуді 5:0 есебімен аяқтады.
Ал 70 келіге дейінгі салмақтағы Бибарыс Әшірбай үндістандыш Прашантпен жұдырықтасты. Тартысты өткен жекпе-жекте Әшірбай төрешілер шешімімен жеңіске жетті.
Үш боксшы мерзімінен бұрын жеңіске жетті
Үшінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының тағы үш өкілі қарсыластарын мерзімінен бұрын тоқтатты.
50 келіге дейінгі салмақта Әділ Асқанбай тәжікстандық Азамжон Хасановты екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.
55 келіге дейінгі салмақтағы Едіге Нұрғожа тағы бір тәжікстандық Бахтовар Усмоновтан басым түсті. Бұл жекпе-жек те екінші раундта техникалық нокаутпен аяқталды.
75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Хамза Мақсатұлы сингапурлық Абдул Гаффар Нур Мухаммад Матаны екінші раундта тоқтатып, ширек финалға сенімді түрде өтті.