Нұрасыл Төлебек Азия чемпионатының "алтынына" таласады (ВИДЕО)
60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен жас отандасымыз жартылай финалда таиландтық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.
Тай боксшысын 5:0 есебімен ұтты
Нұрасыл Төлебек жартылай финалда таиландтық Танапхансакон Каласираммен жұдырықтасты. Қазақ боксшысы қарсыласынан жылдам әрі дәл қимылдап, барлық раундта басымдығын сақтап қалды. Кездесу қорытындысында төрешілер бірауыздан Төлебектің жеңісін тіркеді.
Осы нәтижеден кейін Нұрасыл Төлебек жастар арасындағы Азия чемпионатының финалына шығып, кемінде күміс жүлдені қамтамасыз етті.
Финалда өзбекстандық немесе жапониялық боксшымен кездеседі
Қазақстандық боксшы алтын медаль үшін өтетін шешуші жекпе-жекте Коичи Накаяма мен Абдурахмон Махмуджонов арасындағы кездесу жеңімпазымен қолғап түйістіреді.
Коичи Накаяма Жапония құрамасының намысын қорғаса, Абдурахмон Махмуджонов Өзбекстан атынан өнер көрсетіп жатыр.
Бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатыр. Құрлықтық додада U-19 және U-23 жас санатындағы боксшылар медальдар сарапқа салуда.
Турнир 3 шілдеде басталып, 16 шілдеге дейін жалғасады.