Қазақ боксшысы әйгілі Дусматовтың інісін құлатты (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Бексұлтан Боранбек Джакартада 23 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатының жартылай финалында Фариозбек Дусматовтан басым түсті.

Қазақ боксшысы әйгілі Дусматовтың інісін құлатты (ВИДЕО)
instagram.com/boxingkazakhstan/

Олимпиада чемпионының інісімен жекпе-жек

Фариозбек Дусматов – Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Хасанбой Дусматовтың туған інісі. Өзбек боксшысы жекпе-жекті белсенді бастап, алғашқы минуттардан-ақ алға ұмтылды. Дегенмен Бексұлтан қарсыласының қарқынына төтеп беріп, дәл соққыларымен жауап қайтарды.

Тартысты өткен бірінші раундтың қорытындысында төрешілердің басым бөлігі Дусматовтың басымдығын мойындады.

Екінші үш минуттықта да өзбекстандық боксшы кездесуді жоғары қарқынмен бастады. Раундтың соңына қарай Боранбек қарсыласын арқанға тіреп, бірнеше дәл соққы жұмсады. Соған қарамастан төрешілер бұл кезеңде де Фариозбек Дусматовтың минималды басымдығын белгіледі – 3:2.

Үшінші раундта Бексұлтан Боранбек физикалық тұрғыда тың көрініп, рингте жылдам әрі жинақы қимылдады. Қарсыласына қысым жасап, жекпе-жектің шешуші бөлігін өз бақылауында өткізді. Нәтижесінде Боранбек өзбекстандық қарсыласын жеңіп, Азия чемпионатының алтын медалі үшін таласады. 

Бексұлтан Боранбек 2024 жылы 51 келіге дейінгі салмақта жастар арасындағы әлем чемпионы атанған. Кейін 55 келіге ауысып, былтырғы Азия біріншілігінің алғашқы кездесуінде өзбек боксшысы Самандар Олимовқа жол берген.

Қазақстан құрамасының финалистері көбейді

Бұған дейін Қазақстанның әйелдер құрамасынан бірнеше боксшы финалға шыққан. Олардың қатарында Гүлназ Бөрібаева, Анита Әдішева, Ұлжан Сәрсенбек, Әзиза Исина және Шұғыла Нәлібай бар.

Ал Аяжан Ермек пен Панар Сейітханқызы жартылай финалда жеңіліп, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.