Өзбекстан алда, Қазақстан қуып келеді: Азия чемпионатындағы финалистер саны жарияланды

Бас редактор
Бүгін, 11:28

Финалға шыққан боксшылар саны бойынша Өзбекстан көш бастап тұр, ал Қазақстан екінші орынға жайғасты.

sportarena.kz

Джакартада өтіп жатқан жастар арасындағы құрлықтық біріншілік шешуші кезеңге жетті. Жартылай финалдар қорытындысы бойынша финалға шыққан спортшылардың саны анықталды.

Финалистер саны бойынша бірінші орында Өзбекстан құрамасы тұр. Көрші елдің 27 боксшысы алтын медаль үшін жұдырықтасады.

Өзбекстан құрамасында U19 санатында 14 спортшы финалға шықса, U23 жас санатында 13 боксшы шешуші кезеңге жолдама алды.

Қазақстан екінші орында

Қазақстан құрамасы финалистер саны бойынша екінші нәтиже көрсетті. Ел намысын қорғайтын 22 боксшы алтын медаль үшін рингке шығады.

Олардың 9-ы — 19 жасқа дейінгі спортшылар арасында, ал 13-і — 23 жасқа дейінгі боксшылар санатында финалға өтті.

U19 жас санатында қыздар арасында үш боксшы финалға шықты.

  • 70 келіде — Камила Оспанова, 
  • 80 келіде — Айдана Убайдуллақызы, 
  • ал 80 келіден жоғары салмақта Зарина Толыбай алтын медаль үшін жұдырықтасады.

Ұлдар арасында 50 келіде Әділ Асқанбай, 65 келіде Ақжүрек Қалабай, 70 келіде Бибарыс Әшірбай, 80 келіде Тимур Тайбеков, 85 келіде Руслан Ахметов және 90 келіден жоғары салмақта Владислав Саможонов финалға жолдама алды.

U23 санатында Қазақстан қыздар құрамасынан алты спортшы финалға шықты.

  • 48 келіде — Гүлназ Бөрібаева, 
  • 51 келіде — Анита Адишева, 
  • 57 келіде — Ұлжан Сәрсенбек, 
  • 70 келіде — Азиза Исина, 
  • 75 келіде — Шұғыла Нәлібай, 
  • 80 келіде Құралай Егінбайқызы алтын медаль үшін өнер көрсетеді.

Жігіттер арасында 55 келіде Бексұлтан Боранбек, 60 келіде Нұрасыл Төлебек, 70 келіде Нұрбек Мұрсал, 75 келіде Аман Қонысбек, 80 келіде Өнер Сейілхан, 85 келіде Темірлан Мұқатаев және 90 келіде Ибрагим Бетаев финалға шықты.

Үздік үштікте Үндістан бар

Финалистер саны бойынша үшінші орында Үндістан құрамасы тұр. Үнді боксшылары 18 финалдық жекпе-жекке жолдама алды.

Жапония құрамасының 4 өкілі финалға шықты. Ал Қырғызстан, Оңтүстік Корея және Индонезия құрамаларынан екі спортшыдан алтын медаль үшін таласады.

Реклама
Реклама