Владислав Саможонов қарсыласын екі соққымен нокаутқа түсірді (ВИДЕО)
Қазақстандық аса ауыр салмақтағы боксшы Владислав Саможонов Джакартада жастар арасындағы Азия чемпионатының финалына шықты.
Жекпе-жекті бірінші раундта аяқтады
U19 санатындағы 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінің жартылай финалында Владислав Саможонов филиппиндік Джек Рэдли Фитчпен кездесті. Қазақстандық боксшы айқастың алғашқы минуттарынан-ақ белсенділік танытып, қарсыласына басымдық бермеді. Саможонов бас тұсына бағытталған қатарынан екі дәл соққы жасап, жекпе-жектің тағдырын шешті.
Филиппиндік боксшы ауыр соққылардан кейін орнынан тұра алмады. Төреші кездесуді тоқтатып, Владислав Саможоновтың нокаутпен жеңіске жеткенін тіркеді.
Осы жеңістің арқасында Владислав Саможонов Азия чемпионатының алтын жүлдесі үшін өтетін шешуші жекпе-жекке шықты.
Азия чемпионатына 400-ден астам боксшы қатысып жатыр
Бокстан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты Индонезия астанасы Джакартада өтіп жатыр.
Құрлықтық додада U19 және U23 жас санатындағы спортшылар бақ сынауда. Турнирге 26 елден 400-ден астам боксшы қатысып жатыр.
Азия чемпионаты 16 шілдеде мәресіне жетеді.