Нокауттан кейінгі серпіліс: Әли Ахмедов WBC рейтингінде жоғарылады
Алматыдағы жеңісінен кейін ол жартылай ауыр салмақта бірден он сатыға көтерілді.
Дүниежүзілік бокс кеңесі жаңа рейтингін жариялады. Жаңартылған тізімде бірнеше қазақстандық боксшының орны өзгерді.
Әли Ахмедов он сатыға көтерілді
Әли Ахмедов WBC рейтингіндегі жағдайын едәуір жақсартты. Қазақстандық боксшы жартылай ауыр салмақта бірден он орынға жоғарылап, 28-сатыға жайғасты.
Еске сала кетейік, 25 шілде күні Әли Ахмедов Алматыда өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде өнер көрсетті. Ол Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Асемхале Веллемді техникалық нокаутпен жеңді. Осы жеңістің нәтижесінде Ахмедов жартылай ауыр салмақта IBO нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Бек Нұрмағамбет те позициясын жақсартты
WBC рейтингінде тағы бір қазақстандық боксшы Бек Нұрмағамбет те жоғарылады. Ол екінші орта салмақта 19-орыннан 13-орынға көтерілді.
Ал орта салмақтағы Мейірім Нұрсұлтанов WBC рейтингінің бірінші сатысында қалды. Бұл салмақта WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы — Доминикан Республикасының өкілі Карлос Адамес. Ал уақытша чемпион атағы америкалық Хесус Рамос-кішіге тиесілі.
Айта кетейік, Мейірім Нұрсұлтанов қыркүйекте АҚШ-та Хесус Рамос-кішімен кездеседі.
Бұл жекпе-жекте WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.
Екінші жартылай жеңіл салмақтағы өзгерістер
Екінші жартылай жеңіл салмақта Сұлтан Зәуірбек өз орнын сақтап қалды. Ол рейтингте 17-сатыда тұр.
Евгений Павлов WBC тізіміне 27-нөмірмен кірді. Ал Бекман Сойлыбаев екі орынға төмендеп, 39-орынға түсті.
Жеңіл салмақта бұрын 30-орында тұрған Елшат Нығметолла жаңартылған WBC рейтингінен шығып қалды.