Оразбек Асылқұлов АҚШ-та WBO чемпионымен күш сынасты
Қазақстандық боксшы, әлем чемпионы Оразбек Асылқұлов Лос-Анджелестегі оқу-жаттығу жиынында жапониялық кәсіпқой Каи Ватанабэмен спарринг өткізді.
Спаррингтен сурет жарияланды
Ватанабэ екінші жеңіл салмақта WBO Asia Pacific чемпиондық белбеуінің иегері саналады.
Жапониялық бапкер Кадзума Сакамото Instagram парақшасында Лос-Анджелестегі Brickhouse Boxing Club залында өткен жаттығудан сурет жариялады.
Кадрда Оразбек Асылқұлов пен Каи Ватанабэнің спаррингі көрсетілген.
"Спаррингтің алғашқы күнінде қарсыласымыз 132 фунтқа дейінгі салмақта әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанған Қазақстан өкілі болды", — деп жазды Сакамото.

Кейін жапониялық маман әлеуметтік желідегі сторисінде жаттығу жекпе-жегіне қысқаша баға берді.
"Жақсы спарринг болды", — деді ол.
Асылқұлов — Қазақстан көшбасшыларының бірі
Оразбек Асылқұлов 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Ол ұлттық құраманың негізгі боксшыларының бірі саналады.
2026 жылы Ұлан-Батырдағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Асылқұлов қазіргі әлем чемпионы мәртебесіне ие.
Қазақстан Лос-Анджелесте жаттығу өткізіп жатыр
Бокстан Қазақстан құрамасы 5 шілдеден бері АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп келеді.
Дайындық бағдарламасына жалпы дене жаттығулары мен америкалық кәсіпқой боксшыларға қарсы спаррингтер енгізілген. Қазақстандық боксшылар аты аңызға айналған бапкер Фредди Роучтың залында да жаттығу өткізді.
UCLA кампусының базасында ұйымдастырылған жиын 8 тамызда аяқталады.