Жеңіліссіз келе жатқан Балауса Мұздыман екі белбеуге көз тікті

Спорт шолушысы

Қазақстандық кәсіпқой боксшы алдағы жоспарын жариялап, шетелде өнер көрсету және чемпиондық белбеу туралы айтты.

Жеңіліссіз келе жатқан Балауса Мұздыман екі белбеуге көз тікті
instagram/@muzdi__

Жыл соңына дейін тағы екі жекпе-жек

Баспасөз мәслихатында боксшыдан Akhmedov Promotions промоутерлік компаниясымен ынтымақтастығын жалғастыра ма деген сұрақ қойылды.

Балауса Мұздыманның сөзінше, оның командасы жыл соңына дейін тағы бір немесе екі кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

"Одан кейін Akhmedov Promotions аясында қаламыз ба, әлде шетелде жұдырықтасамыз ба — оны бапкерім Сағатбек ағамен және менеджерім Үлей Мұсахановамен бірге талқылаймыз. Бір үстел басына отырып, ортақ шешім қабылдаймыз. Әзірге осы промоушендегі екінші жекпе-жегімді өткіздім", — деді боксшы.

АҚШ-ты бағындыруды көздейді

Балауса Мұздыман АҚШ-та жекпе-жек өткізу өзінің негізгі мақсаттарының бірі екенін жасырмады.

Ол алдағы уақытта тиімді әрі ірі келісімшарттар ұсынылса, шетелдік рингтерде өнер көрсетуге дайын екенін жеткізді.

"Бұл — менің басты мақсаттарымның бірі. Жақын арада жақсы ұсыныстар мен ірі келісімшарттар түссе, шетелде жұдырықтасу әрбір кәсіпқой боксшының арманы деп ойлаймын", — деді Мұздыман.

Келесі жекпе-жек чемпиондық белбеу үшін өтуі ықтимал

Боксшы әлемдік рейтингте жоғары орындарға көтерілгеннен кейін оның келесі қарсыласы мен жекпе-жек мәртебесіне қатысты мәселе де талқыланды. Айтуынша, командасы алдағы айқасты титулдық кездесу ретінде өткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

"Қазір бапкеріммен бірге жоспар құрып жатырмыз. Алдымызда екі белбеу тұр. Сондықтан келесі кездесуім чемпиондық атақ үшін өтуі мүмкін. Нақты шешім жақын уақытта белгілі болады", — деді ол.

Балауса Мұздыманның соңғы жекпе-жегі 25 шілдеде Алматыда Ali Akhmedov Promotion бокс кешінде өтті. Ол қырғызстандық Аделина Сатыбалдиеваны төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, WBC Silver титулына ие болды. Қазір Мұздыманның еншісінде он жеңіс бар.