Жарнама
Жарнама

"Бар күшімізді саламыз": Елдос Сметов қазақстандық жанкүйерлерге уәде берді (ВИДЕО)

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов 2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындығы қалай жүріп жатқанын айтып берді.

"Бар күшімізді саламыз": Елдос Сметов қазақстандық жанкүйерлерге уәде берді (ВИДЕО)
instagram/@yeldos60kg

Сметов татамидегі дайындыққа кірісті

Олимпиада чемпионының сөзінше, қазір ол жалпы дене дайындығы кезеңін аяқтап, татамидегі жаттығуларға көшкен.

"Азия ойындарына өте жақсы дайындалып жатқанымды айта аламын. Қазір физикалық дайындық кезеңін аяқтап, татамидегі жұмысқа кірістім.

Жарысқа елді қуантатындай деңгейде дайын болып, Қазақстанның Әнұранын шырқату үшін бар күшімізді салып жатырмыз", — деді Елдос Сметов.

Халықаралық оқу-жаттығу жиыны туралы

Сметов ұлттық құрамаға дайындық барысында барлық қажетті жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық дзюдошылар 30 елдің дзюдошысы қатысқан ауқымды оқу-жаттығу жиынында тәжірибе жинақтаған.

Жиынға әлемнің үздік дзюдошылары, Олимпиада чемпиондары, сондай-ақ Жапония мен Оңтүстік Корея құрамаларының өкілдері қатысқан.

"Мемлекеттің қолдауының арқасында бізге ерекше оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Оған 30 елден спортшылар келді. Әлемнің мықты дзюдошылары, Олимпиада чемпиондары жиналды.

Әсіресе бірлескен жиындарға жиі қатыса бермейтін Жапония мен Оңтүстік Корея құрамаларының келуі біз үшін пайдалы болды", — деді дзюдошы.

Оның пікірінше, мұндай дайындық қазақстандық дзюдошылардың халықаралық аренада жоғары деңгейде бәсекеге түсуіне мүмкіндік береді.

"Мемлекет әлемдік аренада лайықты өнер көрсетуімізге, кедергісіз дайындалуымызға және жоғары нәтиже үшін күресуімізге барлық жағдайды жасап отыр.

Жапонияда Қазақстанның әнұраны шырқалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз", — деді Сметов.

2026 жылғы Азия ойындарындағы дзюдо бәсекелері 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді.

Жарнама
Жарнама