Жарнама
Жарнама

Тұрсынғали Еділов: "Джалолов әуесқой боксқа оралса, біздің боксшыларға оңай болмайды"

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов Өзбекстанның екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Джалоловтың әуесқой боксқа қайта оралуына қатысты пікір білдірді.

Тұрсынғали Еділов: "Джалолов әуесқой боксқа оралса, біздің боксшыларға оңай болмайды"
NUR.kz

Джалоловты Парижде қинаған жалғыз қарсылас кім?

Еділов Баходир Джалоловтың Париж Олимпиадасындағы өнеріне тоқталып, австралиялық Теремоана Теремоана оған елеулі қарсылық көрсете алғанын атап өтті.

“Екі жыл бұрын Джалолов екінші Олимпиадасын сенімді түрде жеңіп алды. Парижде оған шын мәнінде лайықты қарсылық көрсеткен бір ғана боксшы болды – австралиялық Теремоана. Ол ширек финалда өте жақсы жұдырықтасты. Тіпті жекпе-жек барысында Баходирді біраз абдыратып жібергендей көрінді. Бірақ Джалоловтың тәжірибесі мен шеберлігі шешуші рөл атқарды”, – деді Еділов.

Қазақстандық маман сол Олимпиадада Қамшыбек Қоңқабаевтың әлеуетін толық көрсете алмағанына да тоқталды. Оның сөзінше боксшы алғашқы кездесуінде кейін турнир финалына дейін жеткен испаниялық қарсыласынан жеңілген.

Өзбекстан неліктен Джалоловты қайта шақыруы мүмкін?

Еділовтің пікірінше, Париж Олимпиадасынан кейін Джалолов әуесқой бокстағы мансабын аяқтағандай көрінген. Бірақ кәсіпқой рингтегі соңғы нәтижелері оның ұлттық құрамаға қайта оралуына жол ашуы мүмкін.

“Парижден кейін Джалолов әуесқой бокстан кеткендей болды. Бірақ оның кәсіпқой рингтегі соңғы кездесулеріне қарап, әуесқой боксқа қайта оралуы мүмкін екенін аңғаруға болатын. Өзбекстанда біздегідей кәсіпқой және әуесқой боксшылар арасында қатаң шектеу жоқ. Оның үстіне ұлттық құрама бапкерлерінің ықпалы өте жоғары”, – деді маман.

Сондай-ақ Еділов Өзбекстанның суперауыр салмақтағы тағы бір өкілі Жахонгир Зокировтың нәтижесіне назар аударды. Оның айтуынша, әлем чемпионатында Айбек Оралбайдың Зокировты жеңуі Өзбекстан бокс федерациясын ойландыруы мүмкін.

“Ауыр салмақта проблема туындайды”

Бұған дейін Өзбекстан бокс федерациясының бас хатшысы Шохид Тиллабоев Баходир Джалолов ұлттық құраманың маңызды мүшесі болып қала беретінін мәлімдеген. Еділовтың сөзінше, егер екі дүркін Олимпиада чемпионы расымен ұлттық командаға оралса, Қазақстан үшін суперауыр салмақта жағдай күрделене түседі.

“Қазір Джалоловтың Өзбекстан құрамасына қайта қосылғаны туралы әңгімелер айтылып жүр. Егер бұл рас болса, ауыр салмақта бізге қиындық туындайды. Иә, Баходир екі жылдан астам уақыт әуесқой бокста жұдырықтасқан жоқ. Кәсіпқой бокстан кейін белгілі бір құлдырау да байқалады. Бірақ оның деңгейі мен орасан тәжірибесін жоққа шығаруға болмайды”, – деді Еділов.

Айбек Оралбай Джалоловты жеңе ала ма?

Тұрсынғали Еділов Азия ойындарында Айбек Оралбайдың Баходир Джлоловты жеңуге мүмкіндігі жоғары деп есептейді.

“Егер Жалолов Азия ойындарына қатысса, меніңше, ол Айбек Оралбайдан жеңілуі мүмкін. Себебі Айбек – қазіргі әлем және Азия чемпионы, жақсы бокстасып жүр”, – деді ол.

Сонымен бірге маман Джалолов Астанада өтетін әлем чемпионатына дейін бабына қайта келсе, алтын медальға басты үміткерлердің біріне айналатынын жоққа шығармайды. Оның пікірінше, Өзбекстан құрамасы Джалоловтың дайындығын асықтырмай, алдымен жаттығу ырғағына қайта енгізіп, кейін Олимпиада іріктеуіне бағыттауы ықтимал.

Джалолов Лос-Анджелеске дейін бабына келе ала ма?

Еділов Баходир Джалоловтың 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дейін спорттық бабын толық қалпына келтіруге уақыты жеткілікті екенін айтты.

“Оны бірден жарыстарға салмауы да мүмкін. Алдымен жаттығуға кірісіп, жағдайын тексеріп, содан кейін Олимпиада іріктеуіне қатысуы ықтимал. 2028 жылғы Олимпиадаға дейін бабына келуге уақыты бар”, – деді қазақстандық маман.

Сонымен қатар Тұрсынғали Еділов Қазақстан құрамасының бапкерлеріне суперауыр салмақтағы бәсекеге ерекше назар аудару қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, Иван Дычкодан кейін Қазақстанда Баходир Джалоловпен тұрақты түрде тең дәрежеде жұдырықтаса алатын суперауыр салмақтағы боксшылар өте аз болды.

Жарнама
Жарнама