Жарнама
Жарнама

33 жасында көз жұмған боксшымен қоштасу рәсімі өтті

АҚШ-та пуэрто-риколық боксшы Причард Колонмен қоштасу рәсімі өтті.

33 жасында көз жұмған боксшымен қоштасу рәсімі өтті
premierboxingchampions.com/

Причард Колонмен қоштасу

Боксшымен қоштасу рәсімі АҚШ-тың Флорида штатындағы Уинтер-Парк қаласында ұйымдастырылды. Newcomer Funeral Home орталығында марқұммен көпшіліктің қоштасуына мүмкіндік берілген еске алу шарасы өтті. Ал 19 тамызда жерлеу рәсімі ұйымдастырылып, кейін Колон Glen Haven Memorial Park зиратына жерленді.

Қоштасу кезінде оның спорттық мансабынан қалған фотосуреттері мен WBC ұйымы табыстаған құрметті чемпиондық белбеуі қойылған. Дүниежүзілік бокс кеңесі Колонды 2021 жылы құрметті чемпион ретінде марапаттаған.

Боксшының анасы Ниевес Мелендес осы жылдар бойы отбасына қолдау көрсетіп, дұғада болған адамдарға алғыс білдірді.

Бәрін өзгерткен жекпе-жек

Причард Колонның өміріндегі қайғылы оқиға 2015 жылдың 17 қазанында болды. Сол күні 23 жастағы пуэрто-риколық боксшы америкалық Террел Уильямспен жұдырықтасты. Колон оған дейін кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген 16 кездесу өткізіп, оның 13-ін нокаутпен аяқтаған.

Бірақ кездесу барысында Колон желкесінен бірнеше рет соққы алды. Кейін бұл жекпе-жек бокс қауіпсіздігіне қатысты үлкен пікірталас тудырды. Сол кездегі ақпараттарда боксшының төрешіге желке тұсындағы соққыларға байланысты бірнеше рет шағымданғаны айтылды.

Тоғызыншы раундтан кейін Колонның бұрышы жекпе-жек аяқталды деп ойлап, оның қолғабын шешіп тастаған. Нәтижесінде пуэрто-риколық боксшы дисквалификацияланып, кәсіпқой мансабындағы жалғыз жеңілісін тіркеді.

Бірақ сол сәтте жекпе-жектің нәтижесінен әлдеқайда маңызды жағдай болып жатқаны әлі толық белгілі емес еді.

Жекпе-жектен кейін есінен таныды

Кездесу аяқталған соң Колонның жағдайы күрт нашарлаған. Ол бас айналу мен жүрек айну белгілерін сезініп, кейін ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлер оның миына қан кеткенін анықтады. Боксшыға бассүйек ішіндегі қысымды төмендету үшін шұғыл операция жасалды. Ауыр жарақаттан кейін Причард Колон 221 күн бойы комада жатты. Кейін есін жиғанымен миға келген зақымның салдары қайтымсыз болды.

Бұған дейін болашағынан зор үміт күттірген боксшы енді күнделікті өмірінде өзгенің көмегіне мұқтаж болды. Колонның отбасы оған тұрақты түрде күтім жасап, оңалту жұмыстарын жалғастырды. Ол физиотерапиядан өтіп, арнайы құрылғылардың көмегімен қарым-қатынас жасауға тырысты. Боксшының анасы Ниевес Мелендес ұлының жанынан табылып, оның оңалту процесіне жылдар бойы қатысты.

Осы кезеңде Колонның тағдыры әлемдік бокс қауымдастығының назарында болды. 2021 жылы WBC оған құрметті чемпион атағын және жасыл-алтын чемпиондық белбеуді табыс етті.

Отбасы 50 миллион доллар талап еткен

Колонның отбасы боксшының ауыр жарақатына байланысты сотқа да жүгінді.

БАҚ мәліметінше, отбасы ринг маңындағы дәрігер мен жекпе-жекті ұйымдастыруға қатысы бар тараптарға қарсы 50 миллион доллардан астам өтемақы талап еткен. Іс ұзақ уақыт бойы заңдық процесте болған.

Колонның жағдайынан кейін желкеге жасалатын қауіпті соққылар мәселесіне ерекше назар аударыла бастады. Дүниежүзілік бокс кеңесі кейін “Prichard Colón Rule” деп аталатын ережені енгізіп, төрешілерден желкеге бағытталған тыйым салынған соққыларға “нөлдік төзімділік” қағидасын қатаң сақтауды талап етті.

Жарнама
Жарнама