Жарнама
Жарнама

Қазақстандық дзюдошылар әлем чемпионатында жүлделі болды

Қазақстандық дзюдошы Ғабит Расулхан Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында алтын медаль иеленді.

Қазақстандық дзюдошылар әлем чемпионатында жүлделі болды
IJF

60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Расулхан финалда канадалық Роман Семирозумды жеңіп, әлем чемпионы атанды.

Қазақстан құрамасы бес медаль жеңіп алды

Әлем чемпионатының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасының 10 дзюдошысы татамиге шықты. Алтын медальдан бөлек, құрама қоржынына екі күміс пен екі қола түсті.

  • Әділжан Нұрбекен - 50 келіге дейін, күміс;
  • Әдия Жанахмет - 40 келіге дейін, күміс;
  • Бекарыс Құдайберген - 50 келіге дейін, қола;
  • Ахмет Баубек - 60 келіге дейін, қола.

Жарыстың алғашқы кезеңінде бес қазақстандық спортшы ширек финалға дейін жетті. Құрама сапында өнер көрсеткен Жанель Айтбай, Рамина Әбішева, Иянат Жұбатхан және Зере Талғатқызы алғашқы кезеңдерде жарысты аяқтады. Ал Бақдәулет Ізбасар алғашқы кездесуінде жеңіске жеткенімен, екінші белдесуінде әзербайжандық қарсыласына есе жіберді.

Ұлттық құраманың өткен жылғы нәтижесі

Қазақстан құрамасы кадеттер арасындағы әлем чемпионатында 2025 жылы бес медаль жеңіп алған. Софияда өткен жарыста Ернұр Батырғали алтын, Мұхаммедәлі Жылқайдар күміс, ал Арман Мұса, Ролан Қайырғали және Әділжан Жаудинов қола медаль алған. Нәтиже бойынша Қазақстан жалпы командалық есепте алтыншы орынға ие болған.

Жарнама
Жарнама