Жарнама
Жарнама

Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз айқасына баға берілді

2026 жылдың тамызында ұйым оны Хамза Шираздың міндетті қарсыласы ретінде ресми бекітті.

Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз айқасына баға берілді
shyndyk.kz

Америкалық тележүргізуші әрі бокс шолушысы Марио Лопес Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз арасындағы ықтимал жекпе-жекке баға берді. Оның пікірінше, қазіргі жағдайда екі боксшының мүмкіндігі шамалас.

WBO жуырда Жәнібек Әлімханұлын супер орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираздың міндетті қарсыласы ретінде бекітті. Тараптарға жекпе-жек шарттарын келісу үшін 20 күн берілген. Егер келісім жасалмаса, промоутерлік сауда өткізілуі мүмкін.

"Жәнібек белсенді болғанда, фаворит дер едім"

Марио Лопес The 3 Knockdown Rule подкастында бұл кездесуді қызықты жекпе-жек деп атады.

"Маған бұл жекпе-жек қатты ұнайды. Жәнібек жиі рингке шығып жүргенде, оны фаворит деп санар едім. Бірақ қазір мүмкіндіктері тең деп ойлаймын. Белсенділіктің аз болуы және оның бұл салмақта алғаш рет жұдырықтасуы өз рөлін атқаруы мүмкін", – деді Лопес.

Жәнібек соңғы рет 2025 жылдың сәуірінде Ануэль Нгамиссенгеге қарсы жұдырықтасқан. Қазір оның кәсіби рекорды – 17 жеңіс, оның 12-сі нокаутпен.

Шираздың артықшылығы неде?

Сарапшы Хамза Шираздың басты артықшылығы ретінде оның соңғы кезеңдегі тұрақты белсенділігін атады.

Британдық боксшы супер орта салмаққа ауысқаннан кейін Эдгар Берланганын нокаутпен жеңіп, кейін WBO белбеуін иеленді және чемпиондық атағын қорғап үлгерді.

"Шираз тұрақты түрде жұдырықтасып жүр. Сондықтан дәл қазіргі сәтте күштері тең деп бағалар едім", – деді Лопес.

Лопес британдық чемпион бұл кездесуді ерекше қалап отыр деп ойламайтынын да айтты. Дегенмен WBO шешімі Ширазды таңдау алдында қалдырады.

"Оның бұл жекпе-жекті қатты қалайтынына сенбеймін. Бірақ белбеу өзінде. Мұндай жағдайда не жұдырықтасасың, не титулды босатасың", – деді сарапшы.

Жарнама
Жарнама