Жәнібек Әлімханұлы WBO белбеуінен кейін "Канеломен" айқасуды көздейді
Қазақстандық кәсіпқой боксшы даниялық Якоб Банктың сынына жауап беріп, супер орта салмақтағы басты мақсатын атады.
Тек чемпиондық белбеу қажет
Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) әлеуметтік желідегі парақшасында жеңіліс көрмеген даниялық боксшы Якоб Банкпен (20-0, 11 КО) кездесуге қызығушылық танытпайтынын мәлімдеді.
Қазақстандық боксшының сөзінше, қазір оның басты мақсаты — әлем чемпионы атағын жеңіп алып, кейін бірнеше белбеуді біріктіру.
"Бұл боксшы маған қызық емес. Оның танымалдығы төмен және маған ештеңе бере алмайды. Маған тек чемпиондық белбеу қажет. Одан кейін WBC пен WBO титулдарын біріктіретін жекпе-жек өткіземін. Демек, Жәнібек "Канелоға" қарсы шығады", — деп жазды Әлімханұлы Instagram желісінде.
Якоб Банк неге наразы?
Бұған дейін Якоб Банк қазақстандық боксшы мен Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) шешімін қатаң сынға алған. Даниялық былғары қолғап шебері допинг дауына байланысты Әлімханұлының рейтингтегі жағдайын әділетсіз деп есептейді.
Банк пен оның промоутері Хольгерсеннің айтуынша, WBO мельдонийге қатысты істен кейін Жәнібектің дисквалификация мерзімін қысқартып қана қоймай, оны жаңа салмақ дәрежесінде рейтингтің бірінші орнына көтерген. Соның нәтижесінде қазақстандық боксшы әлем чемпионы белбеуіне міндетті үміткер мәртебесін алды.

Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.