Жәнібек Әлімханұлы "Канелоны" жеңуге қабілетті деп бағаланды
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен жекпе-жекте жеңіске жете алатын спортшылардың бірі ретінде аталды.
Boxing News and Views басылымы Жәнібек Әлімханұлының "Канеломен" жұдырықтасуға деген қызығушылығына қатысты пікір білдірді. Бұған дейін қазақстандық боксшы әлеуметтік желідегі жазбасында WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Ширазбен емес, Сауль Альвареспен кездескісі келетінін айтқан болатын.
Жәнібектің қандай артықшылықтары бар?
Басылым қазақстандық боксшының "Канелоға" қарсы жекпе-жекте мүмкіндігі жоғары болуы ықтимал екенін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, Әлімханұлының солақай тұрысы мексикалық боксшыға қолайсыздық тудыруы мүмкін. Жәнібектің "Канелоға" қарсы артықшылықтары ретінде мыналар көрсетілді:
- солақай боксшылардың Альвареске қиындық тудыруы;
- Әлімханұлының жылдам қарсы шабуылдары, рингтегі белсенді қозғалысы;
- чемпиондық жекпе-жектердегі тәжірибесі;
- жоғары салмақ дәрежесіне бейімделе алуы;
- жекпе-жек кезінде жоғары қарқын ұстай алуы.
Сондай-ақ басылым Сауль Альварестің жасы да маңызды фактор болуы мүмкін екенін жазды. Мексикалық боксшы биыл 36 жасқа толады. Сауль Альварес келесі жекпе-жегін 31 қазанда Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткізеді. Оның қарсыласы WBC нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы француз Кристиан Мбилли.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.