"Жоғарыдан қоңыраулар түсіп жатыр": журналист Жүсіпов пен Сабырханға қатысты жағдайды айтты
Қазақстан құрамасының 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі көшбасшылары Төрехан Сабырхан мен Абылайхан Жүсіповке қатысты бәсекенің айналасында түрлі әңгіме тарай бастады.
Азиадаға кім баратыны әлі белгісіз
Журналист Аслан Қаженовтың айтуынша, 2026 жылғы Азия ойындары жақындап қалғанымен Қазақстанның ерлер құрамасындағы 70 келіге дейінгі салмақ бойынша нақты таңдау әлі жасалмаған.
Бұл салмақта ұлттық құрама сапында Төрехан Сабырхан мен Абылайхан Жүсіпов негізгі үміткерлер саналады. Журналист осы жағдайды кейбір адамдар өз мүддесіне пайдалануға тырысып жатқанын жазды.
"Мүдделі тараптар осы жағдайды пайдаланып, түрлі интрига жасап, араға іріткі салуға әрекеттеніп жатыр. Тіпті „жоғарыдан“ қоңыраулар түсе бастағаны айтылуда", — деп жазды Аслан Қаженов.
Қаженовтің пікірінше, боксшылардың қайсысы Азия ойындарына баратынын ұлттық құраманың бас бапкері өзі анықтауы қажет. Ол бапкерге сырттан ықпал жасау дұрыс емес екенін атап өтті.
"Бұл жағдайда бас бапкер жауапкершілікті өз мойнына алып, мәселені өзі шешуі керек. Оған қандай да бір қысым жасауға болмайды. Өйткені нәтиже үшін жауап беретін де — бас бапкер", — деді журналист.
Сабырхан мен Жүсіповтың өзара қарым-қатынасы
Сонымен қатар Аслан Қаженов екі боксшының арасында жеке келіспеушілік жоқ екенін ерекше атап өтті. Оның сөзінше Төрехан Сабырхан мен Абылайхан Жүсіпов бір-бірін құрметтейді және екеуі де қазір жақсы спорттық бабында.
"Ең бастысы — жігіттердің қарым-қатынасы жақсы. Бір-бірін сыйлайды. Екеуі де мықты, екеуі де жақсы формада. Қайсысы барса да, ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстан 12 жылдан бері күткен алтын медальді жеңіп алады деп сенеміз", — деп жазды Қаженов.
XX жазғы Азия ойындары 2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласы мен Айти префектурасында өтеді.
Қазір Қазақстанның жарысқа қатысатын құрамы толық жарияланған жоқ.
Әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин бес боксшыдан тұратын соңғы құрамды ресми түрде бекітті.