Қазақстандық әлем чемпионына көлік сыйға тартылды
Грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған Қазыбек Қалмағамбетов Ақтөбеге оралды.
Ақтөбеде жүздеген адам қарсы алды
Словакияда өткен U20 әлем чемпионатында 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленген балуан 22 тамызда туған жеріне келді.
Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, Қазыбек Қалмағамбетовты Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда ата-анасы, туыстары және жүздеген жерлесі күтіп алды.
Салтанатты шараға облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов қатысып, балуанды тарихи жетістігімен құттықтады.
Әлем чемпионына автокөлік сыйланды
Облыстәкімі Асхат Шахаровтың ұсынысымен 19 жастағы әлем чемпионына арнайы сыйлық табысталды. Мейрамбек Махамбетов Қазыбек Қалмағамбетовке темір тұлпар кілтін салтанатты түрде тапсырды.
Айта кетейік, Қазыбек Қалмағамбетов — Ақтөбе облысы тарихында грек-рим күресінен U20 санатында әлем чемпионы атанған алғашқы балуан.
Әлем чемпионатында қалай топ жарды?
Қазақстандық балуан 67 келіге дейінгі салмақта финалға дейін төрт қарсыласын жеңіп, шешуші белдесуге жолдама алған. Қалмағамбетов алтын медаль үшін өткен кездесуде белоруссиялық Михаил Марковскиймен белдесті.
Нәтижелі әрі тартысты өткен финалда қазақстандық балуан қарсыласынан 13:7 есебімен басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.