Жарнама
Жарнама

Өзбекстандық әлем чемпионы жаттығуын АҚШ-та жалғастырып жатыр

Бокстан Өзбекстан құрамасының көшбасшыларының бірі Жавохир Умматалиев АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүр.

Өзбекстандық әлем чемпионы жаттығуын АҚШ-та жалғастырып жатыр
instagram/@javokhir_ummataliev

Умматалиев Америкада дайындалуда

Британиялық Boxing Media порталының Instagram парақшасында 21 жастағы боксшының АҚШ-тағы залдардың бірінде жаттығып жатқан видеосы жарияланды. Кадрлардан өзбекстандықтың физикалық дайындығына ерекше көңіл бөліп, алдағы кездесулеріне қарқынды әзірленіп жүргенін көруге болады.

"Әуесқой бокстың жұлдызы Жавохир Умматалиев қазір АҚШ-та жаттығып жатыр", – делінген жарияланымда.

Қазақстандық боксшыны да жеңген

Жавохир Умматалиев – 2025 жылғы World Boxing әлем чемпионатының жеңімпазы. Сонымен қатар Қытайдағы Әлем кубогында алтын медаль иеленді. Турнирдің финалында Умматалиев Сабыржан Аққалықовты төрешілердің даулы шешімімен жеңген. 

Өзбекстандық боксшы кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін 2025 жылдың 28 қарашасында Ресейдің Челябі қаласында өткізді. Әзербайжандық Рахим Әлиевтен басым түсті.

Умматалиев екінші кездесуін 9 мамырда Манчестердегі Co-op Live Arena кешенінде өткізіп, польшалық Дамиан Драбикті нокаутқа түсірді.

Бұған дейін боксшы әйгілі промоутер Фрэнк Уоррен басқаратын британдық Queensberry Promotions компаниясымен келісімшарт жасасқан.

АҚШ-қа аттанғанға дейін Жавохир Умматалиев Ташкентте тұрып, Өзбекстан құрамасының сапында жаттықты. Оның дайындығына белгілі маман Акмаль Хасанов жетекшілік еткен.

Жарнама
Жарнама