Айдос Медеттің АҚШ-тағы келесі жекпе-жегі белгілі болды
Отандасымыз соңғы жекпе-жегін 23 қаңтарда Лонг-Бичте өткізіп, армениялық былғары қолғап шеберіне есе жіберген еді.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Медеттің (13-1, 9 КО) келесі жекпе-жегі қашан өтетіні белгілі болды.
BoxRec мәліметінше, ол 23 қазанда АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында рингке шығады.
Алғашқы жеңілісін биыл қаңтарда алды
Айдос Медет соңғы жекпе-жегін 23 қаңтарда Лонг-Бичте өткізді. Сол кездесуде қазақстандық боксшы армениялық Азат Ованнисянға (23-6, 17 КО) төрешілердің бірауыздан шешімімен есе жіберді. Бұл Медеттің кәсіпқой мансабындағы алғашқы жеңілісі болды.
Айта кетейік, Айдос Медет кәсіпқой бокстағы мансабын 2018 жылы бастаған.
Ол жекпе-жектерінің басым бөлігін Қазақстанда өткізді. 2025 жылдан бері қазақстандық боксшы АҚШ-та жаттығып, сол жақта өнер көрсетіп жүр.
Қазір оның кәсіпқой рекорды:
- 13 жеңіс;
- 1 жеңіліс;
- 9 нокаут.
Әзірге оның Хьюстондағы қарсыласы ресми түрде жарияланған жоқ.