Төрехан Сабырхан кәсіби боксқа ауысатынын мәлімдеді
Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиададан кейін кәсіпқой боксқа ауысуды жоспарлап отырғанын айтты.
АҚШ-та кәсіпқойлармен спарринг өткізді
Төрехан Сабырхан Америкадағы жаттығу жиынында жергілікті және мексикалық боксшылармен тәжірибе алмасқанын жеткізді. Оның айтуынша, дайындық кезінде спарринг раундтарының саны біртіндеп көбейтілген.
"Америкада алдымен физикалық дайындығымызды күшейттік. Кейін америкалық және мексикалық боксшылармен спарринг өткіздік. Бастапқыда төрт раундтан жұдырықтасып, артынша сегіз раундқа дейін жеткіздік. Садриддин Ахметовпен тең түскен боксшымен де спарринг жасадым.
Кәсіпқой бокс маған қатты ұнады. Алла қаласа, Қазақстан халқы менен Олимпиаданың алтын медалін күтіп отыр. Сондықтан Олимпиада ойындарынан кейін жүз пайыз кәсіпқой боксқа ауысамын", — деді Төрехан Сабырхан.
Басты мақсат — Лос-Анджелес Олимпиадасының алтыны
Осылайша қазақстандық былғары қолғап шебері әуелі 2028 жылғы Олимпиадада топ жаруды көздейді. Бұдан кейін мансабын кәсіпқой рингте жалғастырмақ.
Төрехан Сабырхан Ливерпульдегі World Boxing әлем чемпионатында 19 жасында алтын медаль иеленіп, ересектер арасындағы ең жас әлем чемпионы ретінде тарихқа енген.
Қазақстандық боксшы жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы атанған алғашқы боксшы. Сонымен қатар ол:
- 2024 жылы Черногорияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетті;
- Болгариядағы "Странджа кубогында" алтын медаль алып, турнирдің үздік боксшысы атанды;
- 2026 жылы Ұлан-Батырда ұйымдастырылған Азия чемпионатында күміс жүлде иеленді;
- 2026 жылы Жапониядағы Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғайды.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.