Екі дүркін әлем чемпионы Азия ойындарын жүлдесіз аяқтады
Қазақстандық боксшы Аида Әбікеева Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының ширек финалында жеңіліп, медаль үшін таласты тоқтатты.
Ширек финалда қытайлыққа жол берді
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Аида Әбікеева ширек финалда Ли Шумен кездесті. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті қытайлық боксшыға берді. Осылайша Ли Шу жартылай финалға шығып, кемінде қола жүлдені қамтамасыз етті.
Ал Аида Әбікеева үшін Азия ойындары-2026 осы кезеңде аяқталды.
Әбікеева соңғы жылдары Қазақстан әйелдер боксының жетекші өкілдерінің бірі саналады. Ол бұған дейін IBA және World Boxing ұйымдары өткізген әлем чемпионаттарында алтын медаль жеңіп алған. Сонымен қатар 2024 жылы Азия чемпионатының жеңімпазы атанған. Бірақ Айти мен Нагоядағы құрлықтық додада жүлделі кезеңге өте алмады.
Ли Шу туралы
Қазақстандық боксшының қарсыласы Ли Шу да халықаралық жарыстарда тәжірибелі боксшылардың бірі. Ол 2024 жылы Ұлан-Батырда өткен World Boxing әлем кубогы кезеңінде жеңіске жеткен.
Сонымен бірег қытайлық боксшы 2026 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері.