Жарнама
Жарнама
Қазақстандық боксшылар BoxRec рейтингінде ТОП-10-ға кірмеді
instagram.com/boxingkazakhstan/

Қазақстандық боксшылар BoxRec рейтингінде ТОП-10-ға кірмеді

BoxRec статистикалық порталы әуесқой бокста салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің үздік боксшылары рейтингін жаңартты.

BoxRec рейтингі қалай жасалады?

BoxRec рейтингінің басты ерекшелігі – тізім арнайы математикалық алгоритм арқылы автоматты түрде құрылады. Яғни рейтингті қалыптастыру кезінде төрешілердің пікірі, сарапшылардың таңдауы немесе бокс ұйымдарының шешімдері ескерілмейді. Боксшылардың нәтижелері жүйе арқылы есептеліп, соның негізінде орындар белгіленеді.

Қыркүйекте Болгарияда өткен Еуропа чемпионаты мен Жапониядағы жазғы Азия ойындарының қорытындысы рейтингке айтарлықтай өзгеріс енгізді.

Абылайхан Жүсіпов өткен айда ТОП-10-да болған

Өткен айдағы BoxRec рейтингінің алғашқы ондығы мынадай еді:

1. Абдумалик Халоков – Өзбекстан  
2. Муслим Гаджимагомедов – Ресей  
3. Всеволод Шумков – Ресей  
4. Александр Хижняк – Украина  
5. Фазлиддин Эркинбоев – Өзбекстан  
6. Луис де Оливейра – Бразилия  
7. Турабек Хабибуллаев – Өзбекстан  
8. Асадхуджа Муйдинхуджаев – Өзбекстан  
9. Абылайхан Жүсіпов – Қазақстан  
10. Саиджамшид Джафаров – Әзербайжан

Бірақ Азия ойындары мен Еуропа чемпионатынан кейін жағдай өзгерді.

Төрехан Сабырхан рейтингте 18-орынға көтерілді

2026 жылғы Азия ойындарында қазақстандық боксқа 12 жылдан кейін алғаш рет алтын медаль сыйлаған Төрехан Сабырхан BoxRec рейтингінде 18-орынға жайғасты. Ол Азия ойындары барысында ирактық Аль-Саррайды нокаутпен жеңіп, жартылай финалда өзбекстандық Шавкатжон Болтаевтан басым түсті. Ал финалда иорданиялық Зейяд Ишаиштен есе қайтарып, чемпион атанды. Соған қарамастан BoxRec алгоритмі Төрехан Сабырханды әлемдік рейтингтің алғашқы ондығына енгізген жоқ.

Бұған дейін рейтингте тоғызыншы орында тұрған Абылайхан Жүсіпов енді 11-сатыға сырғыды. Жүсіпов Азия ойындарына қатысқан жоқ. Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы оның орнына 70 келіде Төрехан Сабырханды жарысқа қосты.

Қарағандылық боксшының турнирді өткізіп алуы BoxRec рейтингіндегі жағдайына әсер еткен.

Өзбекстандық Эркинбоев та алғашқы ондықтан шықты

Өзбекстандық Фазлиддин Эркинбоев та ТОП-10 қатарынан түсіп қалды. Ол Азия ойындарының 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жартылай финалында үндістандық Анкуштан жеңіліп, нәтижесінде BoxRec рейтингінде 12-орынға төмендеді.

Жаңартылған рейтингте бірінші орынды Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Абдумалик Халоков сақтап қалды. Тағы бір өзбекстандық Азия ойындарының жеңімпазы Турабек Хабибуллаев жетінші орнын сақтады. Ал Азия ойындарына қатыспаған Асадхуджа Муйдинхуджаев рейтингте тоғызыншы орында тұр. Осылайша BoxRec-тің қазіргі ТОП-10 тізімінде Өзбекстанның үш боксшысы бар.

ТОП-10-да ресейлік боксшылар басым

Алғашқы ондықта ең көп өкіл Ресейден. Рейтингке бұл елдің бірден бес боксшысы кірген. Олар Муслим Гаджимагомедов, Всеволод Шумков, Андрей Пегливанян, Эдуард Савин және Илья Попов.

Сонымен қатар үздік бестікте украиналық Олимпиада чемпионы Александр Хижняк пен бразилиялық Луис де Оливейра да бар.

BoxRec рейтингінде келесі елеулі өзгерістер 2027 жылғы сәуірде болуы ықтимал. Дәл сол кезеңде Астанада әлем чемпионаты өтеді. Турнир қорытындысы әлемнің үздік әуесқой боксшылары рейтингіндегі орындарға айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Жарнама
Жарнама