АҚШ журналисі: Әлімханұлының промоутері сатқындық жасауы мүмкін

Редактор Penalty.kz
17.10.2024, 11:09

Боб Арум бұған дейінгі промомутерлік саудада жеңісті Михайловичке «сыйлай» салған еді.

NUR.KZ

Америкалық спорт журналисі Скуп Малиновский қазақстандық былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлының кәсіпқой бокстағы жағдайын әйгілі Бернард Хопкинстің басынан өткен қиындықтарымен салыстырып, отандасымыздың промоутері Боб Арумннен қатты қауіптенетінін мәлімдеді. Журналист бұл сөзін Legalbet.kz сайтына берген сұхбатында айтты. 

«Михайловичпен жұдырықтасқанда WBO титулы сарапқа салынбады. Олар Жәнібектен оны тартып алып, саудаға шығарғысы келген, бірақ бұл жоспары жүзеге аспай қалды. Енді Хамза Ширазбен жұдырықтасуға міндеттеп отыр», - деді Малиновский.

Австралияның Сидней қаласында Жәнібек Әлімханұлы Андрей Михайловичті нокаутпен жеңгеннен кейін WBO жерлесімізді британ боксшысы Хамза Ширазбен қолғап түйістіруге міндеттеген болатын. Тіпті, аталған дивизионның белбеуін қазақ боксшысынан тартып алу мәселесі де қаралды.

«Жәнібек Боб Арумға қаншалықты сенім артып, оған өз тағдырын ұстата алады? Мәселе осында. Арум оны сатып кетпей ме? Боб Арум Хамза Шираздың промоутері Фрэнк Уорренмен өте тығыз қарым-қатынаста. Кезінде екеуі Тайсон Фьюриді бірге дайындаған. Сондықтан, Арумның ниеті қандай екенін жіті тексеру қажет. Оны Жәнібектің өзі істеуі керек. Егер Уоррен промоутерлік сауданы ертең жеңіп алса, онда Арумнан күдіктене беруге болады», - деді Малиновский.