Төрт дүркін әлем чемпионы, "Формула-1" пилоты Макс Ферстаппен өзінің автоспорттағы арманы саналатын әйгілі "Нюрбургрингтің 24 сағаты" жарысына қатысатынын мәлімдеді.
Red Bull командасының пилоты мамыр айында Германиядағы Айфель тауларында орналасқан ұзындығы 25,5 шақырымдық атақты Нюрбургринг трассасында Mercedes AMG GT көлігін тізгіндейді. Бұл шарада көрмелік стильде безендірілген автомобильдер трассаны айналып өтеді.
Ферстаппен Нюрбургрингтің Nordschleife трассасы ерекше екенін атап өтті.
Нюрбургрингтің Nordschleife трассасы ерекше орын. Мұндай трассалар әлемде көп емес. “Нюрбургрингтің 24 сағаты” мен бұрыннан қатысуды армандаған жарыс, сондықтан оның жүзеге асқанына өте қуаныштымын, — деді ол.
Әдетте “Формула-1” деңгейіндегі пилоттар төменгі санаттағы жарыстарға сирек қатысады. Алайда, Ферстаппеннің симуляторлық жарыстарға қызығатыны және көлік жарыстарын жақсы көретіні бұрыннан белгілі.
Кей сарапшы болашақта нидерландтық спортшы “Ле-Мананың 24 сағаты” додасына да қатысуы мүмкін екенін айтады. Соңғы жылдары жаңа гиперкар ережелерінің енгізілуіне байланысты бұл жарысқа Ferrari, Peugeot, Aston Martin және Ford секілді ірі өндірушілер қайта оралды.
Голландиялық пилот жарысқа дайындықты 21 наурызда өтетін NLS2 кезеңіне қатысудан бастайды. Ол жарыста №3 нөмірімен өнер көрсетеді, дәл осы нөмірмен ол “Формула-1” маусымында да жарысады.
Команда мәлімдемесінде бұл шешім Ферстаппеннің автоспортқа деген үлкен құштарлығы мен өз мүмкіндігін барынша сынап көргісі келетінін көрсететіні айтылды. Оның айтуынша, өткен жылы ол DMSB лицензиясын алып, Nordschleife трассасында өткен NLS9 жарысына қатысып, жеңіске жеткен. Бұл тәжірибе жаңа маусымдағы дайындыққа үлкен пайдасын тигізген. Ферстаппен бұл жолы мықты құраммен жарысқа қатысады. Оның серіктестері Дани Хункаделла, Жюль Гунон және Лукас Ауэр болмақ.
Жарыс уақыты Ферстаппенге оның Red Bull командасындағы міндеттерін үйлестіруге мүмкіндік береді. NLS2 кезеңі Қытай мен Жапониядағы Гран-при , ал “Нюрбургрингтің 24 сағаты” Майами мен Канададағы Гран-при жарысы арасындағы үзілісте өтеді.
Айта кетейік, Ферстаппен 2025 жылдың қыркүйегінде Nurburgring Endurance Series жарысында GT3 класында алғашқы жеңісіне қол жеткізген. Сол жарыста ол квалификацияда үшінші орын алып, кейін көш бастап, командаласы Крис Лулэммен бірге жеңіске жеткен.