Қазақстандық пилот Бельгиядағы жарыста алғаш рет тұғырға көтерілді
Александр Абхазава Formula Regional European Championship сериясының үшінші кезеңінде тарихи нәтижеге жетті.
Бесінші орыннан бастап, екінші болып келді
Отандасымыз Бельгиядағы әйгілі Spa-Francorchamps трассасындағы жарыста екінші орын алып, алғаш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Formula Regional European Championship кезеңі 29-31 мамыр аралығында Бельгияда ұйымдастырылды.
Александр Абхазава жарысты бесінші позициядан бастады. Бірақ алғашқы айналымдардың өзінде-ақ жағдайды тиімді пайдаланып, алға шығуға мүмкіндік тапты.
Төртінші айналымда оның қарсыластары — польшалық Ян Пшировски мен франциялық Александр Муньос өзара тартысқа түсті. Осы сәтті ұтымды пайдаланған Абхазава бірден екі қарсыласын басып озып, екінші орынға көтерілді.
Одан кейін қазақстандық спортшы мәреге дейін позициясын сенімді сақтап, жарысты күміс жүлдемен аяқтады.
Алғашқы подиум
Бұл нәтиже Александр Абхазава үшін Formula Regional European Championship сериясындағы алғашқы подиум болды. Қазақстандық пилоттың Еуропадағы беделді чемпионатта үздік үштікке кіруі ел автоспорты үшін маңызды жетістік саналады.
Spa-Francorchamps трассасы әлемдегі ең танымал әрі күрделі автодромдардың бірі ретінде белгілі. Мұндай трассада жүлдеге ілігу жүргізушінің жылдамдығын ғана емес, тактикалық сауатын және тұрақтылығын да көрсетеді.
Абхазаваның халықаралық тәжірибесі артып келеді
Александр Абхазава 2023 жылдан бері формулалық серияларда өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде ол халықаралық жарыстарда үш рет жеңіске жетіп, 10 мәрте подиумға көтерілді.
2026 жылғы Formula Regional Middle East Trophy маусымының қорытындысы бойынша қазақстандық шабандоз жалпы есепте үшінші орын алды.
Formula Regional European Championship сериясының төртінші кезеңі 19-21 маусым аралығында Италиядағы аты аңызға айналған Monza трассасында өтеді.