19 жастағы F1 жұлдызы тарихи рекордқа қол жеткізді

Спорт шолушысы

"Мерседес" командасының 19 жастағы пилоты Андреа Кими Антонелли Монакода өткен Гран-приде жеңіске жетіп, қатарынан бесінші рет үздік нәтиже көрсетті.

19 жастағы F1 жұлдызы тарихи рекордқа қол жеткізді
REUTERS/Yves Herman

Монте-Карло қаласының көшелерінде өткен жарыста италиялық жас талант мәреге бірінші болып жетті. Екінші орынды “Феррари” пилоты Льюис Хэмилтон иеленсе, үздік үштікті “Ред Булл” командасының өкілі Исаак Хаджар түйіндеді.

Ең жас жеңімпаз атанды

Бұл жеңістен кейін Антонелли Монако Гран-приін жеңіп алған ең жас пилот ретінде тарихқа енді. Бұған дейінгі рекорд 2008 жылы орнатылған еді. Сонымен қатар, 1950 жылдан бері “Формула-1” тарихында қатарынан бес жарыста жеңіске жеткен небәрі он пилоттың қатарына қосылды.

Монакодағы кезең трассадағы апаттармен есте қалды. 2025 жылғы әлем чемпионы Ландо Норрис екінші жарыс қатарынан мәреге жете алмады. Ал “Ред Булл” пилоты Макс Ферстаппен алғашқы айналымда-ақ жарыстан шығып қалды. Сондай-ақ бірқатар танымал пилоттар жарысты аяқтай алмады.

Чемпионат көшбасшысы өзгермеді

Алты кезеңнің қорытындысы бойынша Андреа Кими Антонелли жеке есепте көш бастап тұр. Ол ең жақын қарсыласы Льюис Хэмилтоннан 66 ұпайға ұзап кеткен. Ал конструкторлар кубогында “Мерседес” командасы 244 ұпаймен бірінші орында келеді. Кесте бойынша келесі жарыс 14 маусым күні Испаниядағы Каталония автодромында өтеді.