
Қазақстанның халық сүйіспеншілігіне бөленген әншісі Алтынай Жорабаева өзінің денсаулығына қатысты тың жаңалығын жариялады. Ол жамбас сүйегіне операция жасалғанын айтып, қазіргі жағдайын әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Өнер иесі отбасындағы тәрбиесі мен үй ішіндегі ортақ ұстанымдарды да тілге тиек етті. Оның айтуынша, олардың шаңырағында ер мен әйелдің жұмысы деп бөлінбейді.
"Біздің үйде кімнің қолы бос болса, сол адам қажет шаруаны атқара береді. Ағам да, інім де көмектеседі. Қыздар малға қарайды, жігіттер қолы тисе, ас дайындай салады. Сиыр сауып, күбі де пісеміз", – дейді Жорабаева.
Әнші жуырда отадан кейін өз жағдайын жақсартуға тырысып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, ем-дом барысында қабылдаған ауырсынуды басатын дәрі-дәрмектер бауыр мен бүйрек жұмысына кері әсерін тигізген.
"28 сәуір күні жамбасыма операция жасалды. Ауырсынуды басатын дәрілерді қабылдадым. Бірақ олар ағзама кері әсер етті. Қазір ауылда әкемнің қайнатқан емдік шөп шайларын ішіп жүрмін. Әкем күн сайын уақытылы шайымды беріп, денсаулығыма мұқият қарап отыр", – деп жазды ол.
Сонымен қатар ол ата-анасының бір-біріне деген қамқорлығын мысалға келтіріп, "ер азамат әйелдің тірлігін жасамауы керек" дейтін көзқарасты сынға алды.
"Кейбіреулер “бұл қатынның жұмысы” деп, сөз қозғайды. Мен ондайларды өз-өзіне сенімсіз, тәрбиесіз адам деп ойлаймын. Әкем анама шайын қайнатып береді. Массаж жасап, қан қысымын өлшейді. Нағыз ер азамат осындай болу керек", – дейді әнші.