
Қазақстанның халық артисі, әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген Испанияның Барселона қаласында жанкүйерлерімен кездесу өткізді. Бұл жылы жүздесудің бейнежазбасымен өнер иесі өзінің Instagram-парақшасында жариялады.
Бейнежазбадан Димаштың көрермендермен бірге ән айтып, олардың сұрақтарына шынайы жауап бергенін, залда жүріп, әрбір Dears-ті ерекше ықыласпен қарсы алғанын көруге болады.
DimashNews порталының мәліметінше, Hyatt Regency Barcelona Tower қонақүйінде өткен фан-кездесуге Испания, Италия, Мексика, Германия, Латын Америкасы, Вьетнам, Ресей және Қазақстаннан келген 400-ге жуық адам қатысты.
Димаш бұл кеште бәрімен испан тілінде амандасып, жылы лебіз білдірді. Ол фанаттарына алғысын айтып, қарашада өтетін концертінде испанша ән орындауға уәде берді.
Желі қолданушылары кездесуден кейін әсерлерін жазды:
Журналист Йоланда Гарсияның айтуынша, Испаниядағы көптеген жанкүйер Димаштың арқасында қазақ тіліне қызығушылық танытып, үйренуге кіріскен. Ол кешті қазақ тілінде бастады, бұл жанкүйерлер арасында үлкен әсер қалдырды.
Кеш барысында әншіден: “Армандар шындыққа айналғанда қорқыныш болмай ма?” деген сұрақ қойылды. Димаш бұл сұраққа былай жауап берді:
“Мен үшін маңыздысы – қайда емес, кім үшін ән айту. Менің басты күш-қуатым – көрерменімнің махаббаты мен Құдайдың қолдауы. Сондықтан қорқатын ештеңе жоқ”.
Айта кетсек, Димаш 2025 жылдың қазан айында әлемнің ең танымал алаңдарының бірі – Madison Square Garden сахнасында жеке концертін өткізеді.