
Белгілі әнші Төреғали Төреәлінің сахнадан кетуі мүмкін деген болжамдар қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста әкесі Төреәлі Төлепов Instagram парақшасы арқылы ұлына арнау жариялап, шығармашылығын тоқтатпауға шақырды.
Желіде жарияланған жыр жолдарында Төлепов ұлының елге үлгі боларлық тұлға екенін айтып, тоқтауға еш негіз жоқ екенін жеткізді:
“Жаңалықты оқып ап, не дерімді?
Сенбесімді білмедім сенерімді.
Бірдеңені тоқтатам деп қойыпсың,
Көп жастар алар еді сенен үлгі.
Ақылыңды тоқтатсаң жарар, ұлым,
Мен саған беріп келем берерімді.
Алла берген тоқтатпа өлеңіңді,
Алла берген тоқтатпа өнеріңді!”
Бұл шумақтар жұрттың жүрегінен орын тауып, Төреғалидың өнеріне деген сенім мен үміттің жойылмағанын аңғартты.
Айта кетейік, бұған дейін Төреғали Төреәлі өзінің Instagram парақшасында "бәрін тоқтатамын" деген мазмұндағы жазба жариялаған. Бұл жазба оқырмандар арасында түрлі пікір тудырып, әншінің өнер жолынан шеттейтінін болжағандар көбейген.
Кейінірек ол тағы бір белгісіз мазмұндағы пост жариялап, тыңдарманын екіұдай күйге түсірді. Алайда әкесінің ашық үндеуі бұл жағдайға нақты жауап ретінде қабылданды.
Желі қолданушылары мен жанкүйерлері Төреғали Төреәлінің сахнадан кетуін қаламайтындарын жарыса жазуда. Көпшілігі оның шығармашылығы мен орындау шеберлігін жоғары бағалап, отандық өнер кеңістігінде әлі де маңызды рөл атқаратынын айтуда.