
Танымал актриса әрі блогер Жұлдыз Әбдукәрімова декреттік демалысқа шығу жолында кездескен күрделі рәсімдер туралы айтты. Бұл туралы жеке парақшасында жазды.
Әбдікәрімованың айтуынша, қазір ресми түрде декретке шыққан. Алайда бұл үдеріс оңай болмаған.
“Бүгіннен бастап декретке шықтым. Эмоция ерекше. Ең алдымен – өзіңді жұмысқа рәсімдейсің. Содан соң өзіңе өзің ай сайынғы еңбекақыны аударасың. Әлеуметтік пакет пен салық тағы бар. Бұл енді үйреншікті. Бірақ алғаш рет жүктілік бойынша “уақытша еңбекке жарамсыздық” парағын алдым”, – деп жазды ол.
Жұлдыздың айтуынша, бір ғана анықтаманы алу үшін бірнеше мекемеге баруға тура келген.
“Қажетті құжаттар тым көп. Әрбір қағазды микроскоппен қарап, сұрақтың астына алады. Бір емес, бірнеше жерге жүгіртеді. Декретке шығу үшін де бәрін дәлелдеу керек”, – дейді ол.
Бұл жағдай – елдегі өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдердің декретке шығу барысындағы бюрократиялық мәселелерін айқын көрсетеді. Жұлдыздың оқиғасы – мыңдаған аналардың басынан өтетін шынайы құбылыс.