
Белгілі әнші Қайрат Нұртастың жары, актриса Жұлдыз Әбдукәрімова Instagram парақшасында көпшіліктің жүрегін елжіреткен видеосын жариялады. Роликте ол алдымен аяғы ауыр кезін, кейін қолына бесінші перзентін алған сәтін көрсетеді. Жазбаға Жұлдыз: "Менің бесінші періштем" деп қолтаңба қалдырған.
Әзірге сәбиінің жынысын ата-анасы жария еткен жоқ. Бейнежазбада жаңа туған нәресте ақ түсті боди киген. Желі қолданушыларының кейбірі сәби қыз болуы мүмкін деген болжам айтты. Бұған себеп — кадрда тұрған гүл себеттері: бірінде ақ гүлдер, екіншісінде — қызғылт түстер.
Пікір қалдырған оқырмандар Жұлдызды шын жүректен құттықтап, ана ретіндегі сұлулығын ерекше атап өтті. Дегенмен кейбір жанкүйерлер Қайрат Нұртастың парақшасында жаңа қуанышқа қатысты ешқандай жазба болмағанына таңданыс білдірді.
Айта кетсек, биыл маусым айында Жұлдыздың жүкті екені белгілі болды. Ол кезде актриса дөңгелектенген ішін көрсетіп:
“2025 жылға өз жоспарым болған, бірақ Оның мен үшін дайындағаны одан да әдемі”, – деп жазған еді.
Кейбір көрермен бұл жаңалыққа сенімсіздік танытқан, себебі ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы жиі талқыланып жүрген болатын. Бірақ кейін Қайраттың өзі сүйінші жаңалықты растаған еді.
Бүгінде Қайрат пен Жұлдыздың шаңырағында екі ұл, екі қыз бар болатын. Енді олардың қатарын бесінші сәби толықтырды. Бұл қуаныш отбасын ғана емес, өнер иесінің жанкүйерлерін де шаттыққа бөледі.