Синоптиктер Қазақстанда ауа райы бұзылатынын – бұрқасын соғып, көктайғақ болатынын ескертті.
4 қаңтарда Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт бұзылады. Көп аймақта тұман түсіп, көктайғақ пен бұрқасын күтіледі, жел күшейеді.
Жетісу облысының таулы аудандарында көктайғақ болып, тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел Алакөл көлдері маңында күндіз 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Маңғыстау облысының батысында, солтүстігінде және орталығында тұман күтіледі.
Абай облысында жел оңтүстік-шығыстан және оңтүстіктен соғып, Жарма ауданында күндіз екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді. Семей қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ҚМЖ-ның екінші дәрежелі ескертуі сақталады.
Батыс Қазақстан облысында түнде және күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауып, бұрқасын мен көктайғақ болады. Кей аудандарда тұман түседі. Желдің екпіні кей жерлерде 23 м/с-қа дейін күшейеді. Орал қаласында да осыған ұқсас жағдай қалыптасады.
Жамбыл облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аймақтарында тұман мен көктайғақ күтіледі. Жел бағыты өзгеріп, екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Тараз қаласында мезгіл-мезгіл тұман түседі.
Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында, сондай-ақ Қызылорда қаласында тұман мен көктайғақ болжанады.
Риддер, Өскемен және Семей қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты екінші дәрежелі ескерту сақталады.
Шығыс Қазақстан облысында түнде және таңертең тұман түсіп, желдің жылдамдығы оңтүстік-шығыста 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Атырау облысының батысы мен солтүстігінде аздаған қар мен жаңбыр жауып, жаяу бұрқасын, тұман және көктайғақ болады.
Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарында қар жауып, жаяу бұрқасын соғып, тұман мен көктайғақ күтіледі. Облыс орталықтарында да қолайсыз ауа райы сақталады.
Ұлытау облысында түнде қар жауып, бұрқасын соғады, күндіз де кей аудандарда жаяу бұрқасын мен көктайғақ болады. Жезқазған қаласында да осыған ұқсас жағдай тіркеледі.
Астанада қар жауып, жаяу бұрқасын соғып, көктайғақ болады. Түнде және таңертең тұман күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде және күндіз қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, бірнеше ауданда тұман түседі.
Түркістан облысының таулы аудандарында қатты жауын-шашын болжанады. Облыстың көп бөлігінде жаңбыр мен қар жауып, тұман, көктайғақ және жаяу бұрқасын болады. Жел екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Шымкент пен Түркістан қалаларында тұман мен көктайғақ күтіледі.
Ақтөбе облысында кей аудандарда жаяу бұрқасын соғып, тұман түседі. Жел екпіні 15–18 м/с-қа жетеді.
Алматы облысының солтүстігі мен таулы аймақтарында тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Желдің екпіні кей уақытта 20 м/с-қа дейін күшейеді. Алматы мен Қонаев қалаларында да тұман мен қатты жел күтіледі.