
Қазақстан футболының тағдырын шешетін басқосу 9 маусымда өтеді.
Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың ойындарына арналған үзіліс кезінде маңызды қадамға барып отыр — барлық кәсіби клубтардың басшыларын Астанаға жинамақ. Жиын 9 маусымда өтеді деп хабарлайды Offside.kz.
Кездесудің басты тақырыптарының бірі — төрешілер мәселесі болмақ. Соңғы турларда орын алған даулы жағдайлар мен қателіктер, төрешілік саласы реформаны қажет ететінін тағы бір мәрте көрсетті. Жанкүйерлердің де, клубтардың да наразылығы шегіне жетіп отыр.
Кей ақпарат көздері бұл кеңесті стратегиялық маңызы бар десе, енді бірі ешқандай нақты шешім қабылданбайды деген пікірде. Дегенмен, ҚФФ өкілдері жиын барысында футбол ареналарын салу барысын, жасөспірімдер құрамаларының жетістіктерін және отандық футболшылардың алға жылжуын да назардан тыс қалдырмайды.
Сондай-ақ, жиын соңында клуб өкілдерін Қазақстан – Солтүстік Македония арасындағы ойынға шақыру жоспарланған. Бұл арқылы ҚФФ футбол бірлігін нығайтуды көздеп отыр.
Соңғы жылдары елде футбол инфрақұрылымы дамып келеді. Жасөспірімдер құрамаларының нәтижелері жақсарып, талантты ойыншылар кәсіпқой командаларда көшбасшы бола бастады. Бірақ төрешілік пен басқару сапасы артта қалып бара жатқанын сыншылар жиі айтады.