
Команда мүшелері маусым басталғалы бері жалақының тек үш айын ғана алған. Сыйақы да, сапар шығындары да төленбеген. Соған қарамастан петропавлдық ұжым ел кубогының жартылай финалына дейін жетіп, алаңда ерлік көрсетіп жүр.
Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайтын «Қызылжар» футбол клубы күрделі қаржылық жағдайға тап болды. Маусым басталғалы бері ойыншылар мен клуб қызметкерлеріне небәрі үш айдың ғана жалақысы төленген. Бұл туралы aladop.kz хабарлады. Сонымен қатар жеңіс үшін уәде етілген сыйақылар да берілмеген.
2024 жылдың сәуір айында клуб тізгінін сербиялық тәжірибелі бапкер Милич Чурчич қолға алған соң, команда біршама тұрақты өнер көрсете бастады. Оның басшылығымен 13 ойында тек 3 рет жеңіліп, 4 мәрте жеңіс, 6 рет тең ойын көрсетті. Клуб турнир кестесінің ортаңғы бөлігінде орналасып, Қазақстан Кубогының жартылай финалына дейін жетті. Олар жолда “Елімайды” жарыстан шығарып, “Ордабасымен” тең түскен. Қазір команда финалға шығуға лайықты үміткерлердің бірі.
Қаржылық қиындықтардың ең өзекті мәселелерінің бірі — сырт алаңдағы ойындарға сапар жасау. Команданың әуекомпаниялар мен қонақ үйлерге берешегі көп болғандықтан, ұшу мүмкіндігі күрт төмендеген. Осыған байланысты ”Қызылжар” алыс қалаларға көбіне автобуспен қатынауға мәжбүр. 6–7 сағаттық жол ойыншылардың қалпына келу процесіне және матчқа дайындық сапасына кері әсерін тигізуде.
Клуб қазір қонақ үй, тамақтану және құрал-жабдықпен қамтамасыз ететін компанияларға да едәуір қарыз. Осыған байланысты “Қызылжардың” жалпы инфрақұрылымдық және ұйымдастыру деңгейі де төмендеуде. Бұл үрдіс жалғаса берсе, турнир кестесіндегі жағдайына да кері әсер етуі әбден мүмкін.
“Қызылжар” ертең Премьер-лигадағы кезекті ойынын сырт алаңда “Тұранға” қарсы өткізеді. Көптен бері қаржылық қиындықтармен бетпе-бет келген түркістандықтар да дәл осындай қиындықтардан өткен. Енді сол жолмен “Қызылжар” жүріп келе жатқандай.