
Қазақстан ұлттық құрамасының және "Бешікташтың" жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов Ресейдің аты аңызға айналған "Спартак" (Мәскеу) клубына ауысудан бас тартқаны белгілі болды.
Бұл туралы ресейлік инсайдер Иван Карповтың Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлады.
“Зайнутдинов “Спартактан” түскен ұсыныстарды қабылдамайды. Бұл туралы маған футболшының агенті — Новиков айтты. Сондықтан “Баха Тушинода” деген алып-қашпа сөздерге сенудің қажеті жоқ”, — деп жазды инсайдер “Инсайды от Карпа” арнасында.
Бұған дейін қазақстандық және ресейлік бірқатар БАҚ-та Бақтиер Зайнутдинов пен “Спартак” арасында келіссөздер жүріп жатқаны туралы мәліметтер тараған болатын. Кейбір ақпарат көздері мүмкін болатын трансфер құны ретінде 3 миллион еуро көлемінде сома атаса, кейбірі футболшының шешімі әлі нақтыланбағанын жеткізген.
Алайда Бақтиердің агенті бұл қауесеттерді ресми түрде жоққа шығарды.