
Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдинов Австриядағы жаттығу лагерінен уақытша кеткенімен жақын арада "Бешікташ" сапына қайта оралмақ.
Түркиялық Haberin Burada басылымының жазуынша, Зайнутдинов жаттығу жиынын ресми түрде тастап кеткен жоқ. Ол бұған дейін ем қабылдаған дәрігеріне қаралу үшін ғана шетелге уақытша жол жүріп кеткен. Қазіргі болжам бойынша ертең кешке команданың оқу-жаттығу лагеріне оралады.
"Кейбір ақпарат құралдары келтірген мәліметтер асыра сілтеніп немесе негізсіз болуы мүмкін", — деп жазады түрік басылымы.
Бұған дейін ресейлік БАҚ Зайнутдиновтың Ресей Премьер-Лигасына (РПЛ) қайта оралуы мүмкін екенін жарыса жазған. Олардың мәліметінше, қазақстандық жартылай қорғаушыны Мәскеудің "Динамосы" мен "Спартагы" өз қатарында көргісі келеді.
Алайда түрік тарабының соңғы ақпаратына сүйенсек, бұл "трансфер" дауы нақты шешім қабылданбай тұрып-ақ тым ерте айтылған сияқты.