
Лео Месси енді АҚШ-та жалғыз емес. Аргентиналық ұлттық құраманың жүрегі, алаңдағы «оққағары» Родриго Де Поль «Интер Майами» сапына қосылады.
Аргентиналық жартылай қорғаушы Родриго Де Поль АҚШ-тың MLS лигасында өнер көрсететін «Интер Майами» клубына ауысады. Бұл трансфер бойынша клуб Лионель Мессидің бұрынғы командаласы және ұлттық құраманың тұрақты ойыншысын қатарына қосады.
Трансфердің барлық детальдары келісіліп қойғаны туралы ақпаратты бірнеше беделді еуропалық спорттық инсайдерлер растады. Оның ішінде Фабрицио Романо сынды сенімді дереккөздер де бар. Ол өз X (бұрынғы Twitter) парақшасында:
Родриго Де Поль – «Интер Майамиға», келісімге қол жеткізілді! «Атлетико Мадридпен» де, ойыншымен де барлық шарттар келісілді. Енді Мессидің алаңдағы оққағары MLS-ке қосылады.» – деп жазды.
Родриго Де Поль — Аргентина құрамасының кіл мүшеcі. 2022 жылғы Әлем чемпионатында Мессидің қасында алаңның ортасында негізгі рөл атқарған футболшы. Жанкүйерлер арасында Де Польді «Мессидің оққағары» деп атап кеткен — оның әр матчта Лео үшін қалай күресетіні, доптан бұрын қарсыласқа ұмтылатыны көзге түскен.
Енді, Мессидің АҚШ-тағы «Интер Майамиде» де дәл сондай қолдауы болмақ. Бұл тандем клубтың маркетингтік әлеуетін ғана емес, ойын өрнегін де едәуір күшейтеді.
Желі қолданушылары бұл трансферді әзілмен қарсы алды. Көпшілік:
«Енді Мессиге жеке оққағардың қажеті жоқ — Де Поль өзімен бірге келе жатыр» — деп қалжыңдайды.
Алайда бұл қалжыңда шындық бар: Де Польдің көшбасшылық қасиеті, тәжірибесі және Месси екеуінің арасындағы сенім MLS клубының үлкен табысына негіз бола алады.