
Алматылық команданың алдағы қарсыластары тамыздың 28-і күні белгілі болады.
Әлемдегі ең танымал футбол парақшаларының бірі – аудиториясы 77 миллионнан асатын 433 Instagram-паблигі алматылық «Қайраттың» Чемпиондар лигасына шығуына қатысты жазба жариялады.
Кеше Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері Алматыдағы шешуші ойында «Селтикті» пенальти сериясында жеңіп, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Бұл жеңіс қазақстандық футбол тарихындағы ең ірі оқиғалардың бірі саналып отыр.
Танымал футбол паблигінің жазбасында былай делінген:
«Чемпиондар лигасының тарихы жазылды! Бүгінгі плей-офф жеңімпаздарының барлығы алғаш рет топтық кезеңге шықты. Олардың қатарында – Қазақстанның „Қайраты“, Кипрдің „Пафосы“ және Норвегияның „Будё-Глимті“ бар».
Бұл жазба аз уақыт ішінде жүздеген мың лайк пен пікір жинап, қазақ жанкүйерлері үшін үлкен мақтанышқа айналды.
Алматылық «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы қарсыластары 28 тамыз күні өтетін жеребе тарту рәсімінде анықталады. Бұл – қазақстандық клуб үшін жаңа тарихи кезеңнің бастауы болмақ.