
Алматылық «Қайрат» футбол клубы жанкүйерлер арасында тарап кеткен алып-қашпа әңгімелерге байланысты ресми мәлімдеме жасады.
Әлеуметтік желілерде команда қатысатын алғашқы УЕФА Чемпиондар Лигасы ойынына қатысты билеттердің сатылымы жөнінде жалған ақпарат тараған болатын.
Клубтың Instagram парақшасында жарияланған хабарламада былай делінген:
«Әлеуметтік желілерде таралған «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы билеттерін сату немесе алдын ала брондау туралы ақпарат шындыққа жанаспайды және адастырушы сипатта.
Матч билеттеріне қатысты жалғыз ресми дереккөз — клубтың ресми сайты мен әлеуметтік желідегі ресми парақшалары. Қазіргі уақытта билеттердің сатылым басталу күні мен баға саясаты әлі бекітілген жоқ. Жанкүйерлерден ресми емес хабарландыруларға сенбеуді және бейресми арналар арқылы сатып алудан бас тартуды сұраймыз».
Бұған дейін интернетте кейбір шетелдік ресурстарда 30 қыркүйекке жоспарланған «Қайрат» – «Реал» матчының билеттерін сатып алуға немесе брондауға мүмкіндік бар деген ақпарат тараған еді. Бұл мәліметтің шындыққа еш қатысы жоқ екені ресми түрде нақтыланды.
Әзірге ресми баға жарияланбағанымен, сарапшылардың пікірінше, билеттердің құны 15 мыңнан 90 мың теңгеге дейін болуы ықтимал. Мұндай баға диапазоны Қазақстан футболы үшін қалыпты жағдай, әсіресе Еуропаның ең атақты клубтарының бірі — «Реал Мадрид» келгенде.
«Қайрат» жанкүйерлерін тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырып, клуб тарапынан қосымша хабарлама жақын күндері жасалатынын жеткізді.