
Футболдан АҚШ-та өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатына дайындалып жатқан қалалар ұйымдастыру шығындарын жабу үшін қосымша қаржы таба алмай отырғанын хабарлайды.
Politico дерегіне сүйенсек, бірқатар америкалық қала логистика мен қауіпсіздік шараларына жұмсалатын қаражатты таба алмай қиналуда. Әрбір қалаға орта есеппен 150 миллион АҚШ доллары көлемінде қосымша қаржы қажет екендігі айтылуда.
2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтеді. Бұл турнир тарихта алғаш рет 48 ұлттық құраманың басын қосады.
ФИФА тарихындағы ең ауқымды мундиальға дайындық қызу жүріп жатқанына қарамастан, АҚШ-тағы қалалар алдында үлкен қаржылық кедергілер тұр. Егер бұл мәселе дер кезінде шешілмесе, турнир ұйымдастыру ісіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.