
Кеше Қазақстан құрамасы сырт алаңда Солтүстік Македониямен күш сынасты. Ұлттық құрам алғашқы минуттан-ақ қарсыласына тыныс бермей, жоғары прессингке көшті. Бұл жолы жігіттердің физикалық төзімі де, психологиялық дайындығы да мінсіз болды. Қараман – матчтың нағыз қаһарманы. Әліп капитан ретінде жауапкершілікті сезінді, ал Сейсен сенімді тірекке айналды.
Македония бар күшін Брюссельдегі матчқа салған. Ал Қазақстан сол уақытта Лихтенштейнге қарсы "жолдастық матч" өткізді. Кеше соның пайдасын көрдік. Біздің құрам ә дегеннен прессингке кірісті. Іштей уайымдадым. 60-минутта зорығып, тілі салақтап, екі көзі жалақтап қала ма деп. Жо-жоқ. Қос қапталдағы Бағдат Қайыров пен Ян Вороговскийге респект. Концентрация жоғалтпады, тактикалық зейіні бір сәтке бұзылмады. Қателесу футболға тән дүние, бірақ жігіттер босаңсымады. Қараман ұлттық құрамадағы ең мықты матчын өткізді. Осылай болуы керек. Бір футболшы лапылдауы керек. Бізде команданы үнемі сүйрейтін Мбаппе, Ямал сияқты ультра лидерлер жоқ. Сондықтан матч сайын "қаһармандар" да ауысып отыруы керек.
Кеше – Кенжебек, бүгін – Қараман. Қараман кеше ойыны жүргенін сезіп "бүгін – менің күнім" деп ойлады. Интуициясы алдаған жоқ. Сейсенге мың алғыс. Сейв көп болса, қақпа да сейфке айналады. Стандарттан кірген гол Сейсеннің кінәсі емес. Басқа ракурстан көрдім. Уақытында секірген, реакциясы алдамаған. Жәй ғана, Македония капитанының шеберлігі – техника+күш+шеберлік симбиозы. Әліп – Қасым тандемін әлі де шыңдау керек. Кеше жақсы қорғанды. Әліп капитан ретінде кеше характермен ойнады. Контр шабуылдың бәрінде қорғанысты Вороговскийге табыстап, алға ұмтылып отырды. Зайнутдинов пен Қуат тәжірибесін қосты. Байсуфиновты талай жылдан бері білетін қасқырлар. Кеше де жерге қаратпады. “Батека” әсіресе "Наполи" сапында ойнайтын Элиф Элмазды жабуға көп көмектесті. Свиридов кеше таргетменнің рөлін абыроймен атқарды.
Македония қорғаушыларын магнитше тартып, Кенжебек пен Чесноковқа бос кеңістік іздеумен болды. Прессингке бірінші болып араласып, физикасын іске қосты. Жаңа бапкер – жаңа леп. Атмосфера басқа. Жуков пен Чесноковтың (орысша), Сейсен мен Әліптің (қазақша) тілін қатар түсінетін адам келді. Тіл – маңызды фактор. Әсіресе, 3-4 айда бір жиналатын ұлттық құрамада ең басты коммуникация құралы – тіл. Байсуфинов кеше тың ойыншылар шығарғанда тек Дәурен Жұматтан қателесті.
Жұмат жақсы маусым өткізді, бірақ кешегі ойыны ұлттық құрама деңгейі емес. Сәтпаев пен Самородов болғанда, Жұматқа орын бұйырмас еді. Кеше ақылды футбол көрдім. Энергия мен синергияның табысы. Бір-бірін ымсыз түсінетін команда. Тек, соңғы минуттарда Македония тайлы-тұяғымен шабуылға аттанғанда контр соққы беретін Сәтпаев пен Самородовтың жетіспегені көрінді.
Мақала авторы: Жандос Байділдә