Naiza чемпионы "Джаксқа" сирек "Мустанг" кабриолеті сыйға тартылды (ВИДЕО)
Қазақстандық ММА файтері, Naiza лигасының жаңа чемпионы Жансерік Жақсығұлұлына ерекше сый жасалды.
"Джакс" жаңа көлігін көрсетті
Жансерік Жақсығұлұлы Instagram парақшасында жаңа автокөліктің кілтін алған сәтінен видео жариялады. Кадрларда файтерге Қазақстан жолдарында сирек кездесетін "Мустанг Шелби" маркалы кабриолет сыйға берілгені көрінеді.
Автокөлікке ерекше нөмір де қойылған — 727 MMA. Бұл сыйлық спортшының Naiza лигасындағы тарихи жеңісінен кейін жасалды.
Жансерік Жақсығұлұлы алғысын айтты
Файтер өзіне қолдау білдірген жандарға ризашылығын жеткізіп, жанкүйерлеріне үндеу жасады.
"Бауырларыма алғыс айтқым келеді. Жігіттер, еңбектенейік. Сіздерде де осындай темір тұлпар болсын. Достар, Алматы көшелерінен “Мустанг Шелби” кабриолетін көрсеңіздер, ол менмін", — деді Жансерік Жақсығұлұлы.
Жақсығұлұлы Naiza чемпионы атанды
Жансерік Жақсығұлұлы жеңіл салмақтағы Naiza чемпионы атағын осы айдың басында жеңіп алды. 2 мамыр күні Алматыда өткен Naiza FC 82 турнирінде қазақстандық спортшы бразилиялық Майке Линьяреспен кездесті.
Бес раундқа созылған тартысты жекпе-жектің қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан жеңісті Жақсығұлұлына берді. Осылайша "Джакс" кәсіби ММА мансабындағы оныншы жеңісіне жетіп, Naiza лигасының жеңіл салмақтағы жаңа чемпионы атанды.
Shelby GT500 неге ерекше көлік саналады?
Ford Mustang Shelby GT500 моделі автокөлік әуесқойлары арасында танымал әрі сирек кездесетін "маслкар" ретінде бағаланады. Бұл модельдің өндірісі 2022 жылы тоқтағандықтан қазір Shelby GT500 коллекциялық көлік санатына жақын ерекше автомобильдердің бірі болып есептеледі.