
Норвегиялық шабуылшы Эрлинг Холанд керемет гол соғу сериясын жалғастырып, “Манчестер Ситиге” Чемпиондар лигасында “Вильярреалға” қарсы сырт алаңда 2:0 есебімен жеңіс әкелді.
Бұл кездесуде соғылған гол арқылы Холанд қатарынан 12 матчта қарсыластың қақпасын дәл көздеді. Бұл Криштиану Роналдудың 2018 жылғы “Реал Мадрид” кезеңіндегі рекордына тең көрсеткіш.
Осы 12 ойында Холанд клубы мен ұлттық құрамасы сапында 22 гол соғып, футбол әлемін тағы да таңғалдырды.
“Манчестер Сити” алғашқы таймда-ақ ойын тағдырын шешіп қойды.
17-минутта Рико Льюис тамаша комбинациядан кейін пасты дәл жеткізіп, Холанд алты метрден қақпаны дәл көздеді — есеп ашылды.
Бірінші тайм соңында Савиньоның әдемі пасынан кейін Бернардо Силва баспен екінші голды соғып, Испан клубының үмітін үзді.
“Холанд ғажайып ойыншы. Оны тоқтату мүмкін емес, әр сайын сайын гол соғуға ұмтылады.” – деді Рико Льюис TNT Sports арнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, “Сити” матчты толық бақылауда ұстағанымен, әлі де жетілдіру керек тұстар бар.
“Кей сәттерде қарсыласқа тым көп еркіндік бердік. Егер Чемпиондар лигасын ұтқымыз келсе, өзімізге қатал болуымыз керек.” — деді жас ойыншы.
Пеп Гвардиола бұл кездесуде құрамға төрт өзгеріс енгізіп, демалыс беру мақсатында Фил Фоденді алаңға шығарған жоқ. Бұл жеңіс “Ситиге” Еуропадағы бір жылдық сырт алаңдағы сәтсіз серияны тоқтатуға мүмкіндік берді.
Ойынның екінші жартысында Нико Гонсалес жарақат алып, команда үшін жағымсыз жайт болды. Ал Родри әлі де жарақатына байланысты ойында болмады.
Қақпашы Джанлуиджи Доннарумма бірнеше қауіпті соққыларды қайтарып, қақпасын голдан аман алды.
“Біз күннен-күнге жақсарып келеміз. Команданың ойынына көңілім толады. Бұл — жақсы белгі.” — деді Гвардиола Movistar телеарнасына берген сұхбатында.