"Челси" сапында Англия чемпионы атанған нигериялық ойыншы жақын арада "Қайсар" сапын толықтырмақ. Лондондық клубтан бөлек тәжірибелі футболшы бірқатар алпауыт мемлекеттердің командаларында өнер көрсеткен.
"Челси" клубының экс-футболшысы Виктор Мозестің Қызылорданың "Қайсар" командасына ауысуына қатысты мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды AmanVIBE.
"Бәріне мәлім, осы күндері „Қайсар“ ФК БАӘ-де алғашқы шетелдік оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Дәл сол жерде клуб пен „Челсидің“ бұрынғы жұлдызы Виктор Мозестің жолы тоғысты.
Мозестің агенті ойыншыны қазақстандық клубқа өзі ұсынған:
"Нигериялық футболшы Әмірліктерде өкілдерімен бірге жүрген және жергілікті „Дубай Юнайтед“ клубымен келісімшартқа қол қоюға жақын болған. Алайда жағдай ойыншы агенттері „қасқырлардың“ спорт директоры Алдан Балтаевпен кездесіп, Лондонның „Челси“ клубының экс-ойыншысының қызметін ұсынғаннан кейін өзгерді. Алғашқы келіссөздерден соң үдеріс өте жылдам жүрді. „Қайсарды“ Мозестің қаржылық шарттары қанағаттандырды — менің мәліметім бойынша, оның гонорары ҚПЛ-ға жақында Қазақстанға да ұшып келетін тағы бір жұлдызды жаңа ойыншының жалақысынан үш есе аз болып шықты. Көп ұзамай Виктор Мозес „Қайсардың“ жаттығуына шақырылып, онда бас бапкер Андрей Ферапонтов ауысуға соңғы келісімін берді", – делінген дереккөз ақпарында.
Бұл трансферге өз ойын танымал журналист, Қазақстан футзал қауымдастығының президенті Нұрсұлтан Құрман да өз ойын айта кетті:
"Достар, бұл ақпаратты бір апта бұрын білген едік, бірақ жария етпедік. Жарты жыл бұрын ғана ағылшын чемпионшипында ойнаған Мозес Андреа Пирло басқаратын Дубай клубына бара жатқан жерінен"Қайсар" алып кеткен екен. 24 қаңтар Виктор Қызылордаға келеді, күтіңіздер!", – деді Нұрсұлтан Құрман.
Еске сала кетейік, өткен маусымда ҚПЛ-да қызылордалықтар турнирлік кестеде 11-орын алып, 22 ұпай жинаған болатын. "Қайсар" 2025 жылы жекешелендірілген алғашқы футбол клубы атанды. Команда жергілікті кәсіпкер Исламғали Қозбақовтың басқаруына өтті.