Қазақстандық жас футболшы А сериясында ойнайды

Сарапшы, спорт журналисі

Омар Мурадов Италия чемпионатының ең жоғарғы дивизионындағы "Болонья" клубымен келісімшарт жасасты.

Қазақстандық жас футболшы А сериясында ойнайды
instagram/@o.mouradoff

Омар Мурадовтың жолы: Алматыдан Еуропаға дейін

Жас жартылай қорғаушы Алматыда дүниеге келген және футболдағы алғашқы қадамын да осы қалада бастаған. Кейін ол жасөспірімдер деңгейінде Әзербайжанның “Сумгаит” клубында өнер көрсетіп, командасымен бірге U17 санатында ел чемпионы атанған.

2025/26 маусымы қарсаңында Мурадов “Араз-Нахчыван” клубының жүйесіне ауысқан еді. Енді 18 жастағы қазақстандықтың мансабында жаңа кезең басталмақ.

“Болоньяға” ауысу қалай жүзеге асты?

Goal.kz мәліметінше, келіссөздер шамамен 1,5 айға созылған. Процеске “Болоньяның” спорт директоры, Италия құрамасының бұрынғы ойыншысы Марко Ди Вайо тікелей қатысқан. Ал Мурадовтың мүддесін әзербайжандық агенттік қорғаған.

Ең маңызды сәттердің бірі — “Болоньяның” бас бапкері Винченцо Итальяноның Омарға жеке қоңырау шалған. Келісімшартты футболшыға жастар командасының жетекшісі Стефано Морроне жеткізген.

Тараптар арасындағы келісім 2027 жылғы 1 шілдеден 2030 жылғы 30 маусымға дейін күшіне енеді. Жоспар бойынша, келісім ресми басталғанға дейін Мурадов итальян тілін меңгеріп, кейін клубқа еркін агент ретінде қосылады.

Клубтың жоспарына сай ойыншы алғашқы 6 ай бойы жастар құрамында бейімделуден өтеді. Одан кейін міндетті түрде негізгі команда қатарына енгізіледі.

Жалақы, бонус және 15 млн еуро өтемақы

Келісімде келесі маусымдарда жалақыны көтеру мүмкіндігі және нақты көрсеткіштер үшін ақшалай бонус қарастырылған (ойын саны, гол, нәтижелі пас).

Сонымен бірге, Мурадовқа байланысты өтемақы мөлшері де көрсетіліпті — 15 млн еуро. Яғни басқа клуб футболшыны келісімшарт мерзімі аяқталмай сатып алғысы келсе, дәл осы соманы төлеуі керек.

Футболшының анасы Сабина Мурадова әлеуметтік желіде ұлына басқа да клубтар қызығушылық танытқанын жазды. Оның сөзінше, қатарда Италияның “Миланы”, Ресейдің ЦСКА (Мәскеу) клубы және Испанияның “Жиронасы” болған.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір